«Бүгін қол қойылған 9 түрлі құжат екі ел арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтереді дегенге сенімдімін». Қазақстан мен АҚШ бизнес форумында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин осылай деді. Тараптар қаржы саласы, ауыл шаруашылығы, жаңа технологиялар және логистика саласындағы серіктестікті дамытуға келісті. Қазіргі таңда 15 америкалық компания елімізде табысты қызмет етеді. Бүгінгі форумнан кейін олардың саны кем дегенде 16-ға арта түспек.
«Қазақстан - тек қазба байлық игерілетін ел» деген пікір жаңсақ. Бұл - мұхит асып келген бизнесмендердің ортақ пайымы. АҚШ қана емес, әлемде ауыл шаруашылығы, цифрлық технологиялар, логистика саласының көшбасшылары деп танылған компаниялардың біздің елге серіктес іздеп келуі бұл сөзге дәлел.
Джон Майер, «Mayer Agri Eguipment» компаниясының басшысы:
- Біз егін егіп, жер жыртуға арналған америкалық техниканы сатамыз. Көбіне, Джон Дирдің өнімі зор сұранысқа ие. Қазақстанда ауыл шаруашылығы қарқынды дамуда. Сол себепті, осы елден серіктес іздейміз.
АҚШ-тың Сауда министрі Уилбур Росспен бірге Астанаға 16 ірі компания басшылары келген. Бизнес-форум басталар тұста 9 құжат бекіді. Экономиканың сан саласын қамтыған келісімдер екі ел арасындағы сауда-саттыққа тың серпін бермек.
АҚШ - Қазақстан экономикасына 40 млрд. долларға жуық инвестиция құйған стратегиялық серіктес. Арадағы алыс-беріс жыл санап артып келеді. Биылғы жылдың 8 айының өзінде сауда-саттық көлемі 20 пайызға өскен.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:
- Біз 1 миллиард долларды құрайтын жеке инвестициялық қор ашуды жоспарлап отырмыз. Қазақстан Үкіметі АҚШ-ын қорды қаржыландыруға және басқаруға қатысуға шақырамыз. Бизнестің ахуалын жақсарту үшін жеке секторды экономикаға тартудамыз. Әрі ірі компанияларды жекешелендіріп жатырмыз. Осы іске де атсалысуға шақырамын.
«Future card». Болашақтың инновациялық картасы деп аталатын тың жоба елордада тәжірибеге енгізілмек. Аз уақытта түрлі қызмет көрсетуге арналған ондаған картаны бір әмбебап карта алмастыратын күн алыс емес.
Ернұр Рысмағамбетов, «Астана» халықаралық қаржы орталығы» АҚ Басқарма мүшесі:
- «Master Card» бұл саланың лидері. Болашақта пластикалық карта, виртуалды карта, басқа да карталарды «Астана» қаржы орталығында және Астана әкімшілігімен жүзеге асырып көрмекпіз.
Форум аясында B2B форматында кәсіпкерлердің кездесуі өтті. Ал, АҚШ-тың Қазақстандағы алғашқы сауда миссиясы өз жұмысын енді Алматы қаласында жалғастырмақ.
Ғабит БӨКЕНБАЙ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.