Атыраудағы Теңіз мұнай кен орны аумағынан тағы да 7 мыңнан астам жұмысшы шығарылатын болды. Індет өршіген аумақта арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.
Ең қауіпті ауру ошағы деп белгіленген Теңіз кен орнына облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов барып, шұғыл жиын өткізді. Өңір басшысы, вахталық қалашықтарда карантиндік талаптарды күшейтуді және қызметкерлерді шығару жоспарын әзірлеуді тапсырды. 40 мыңға жуық жұмысшысы бар кәсіпорын аумағынан бүгінде 18 мыңнан астам адам шығарылды. Тағы да жеті жарым мыңы жұмыс мерзімі аяқталғасын, үйіне жіберіледі.Кеніште жағдай әлі күрделі. Вирусқа шалдыққан науқастар саны 730-дан асты. 24 індет ошағы анықталды.
Бүгінде вахталық қалашығы аумағындағы инфекциялық статционарда 250 адам емделіп жатыр. 3 жұмысшының жағдайы ауыр. Науқастардың көбеюіне байланысты Теңізде тағы да 80 орындық аурухана ашылмақ. Карантиндік бақылауда 2000-ға жуық адам жатыр. Індеттің өндіріс қарқынына қаншалықты әсер еткені нақты белгісіз. Әзірге ол туралы компания басшылығы жақ ашпай отыр.
Жандос ТЕМІРҒАЛИ