Ақсу қант зауыты жаңғырту жұмыстарынан кейін өнім көлемін арттырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақсу қант зауыты жаңғырту жұмыстарынан кейін өнім көлемін арттырды

02.11.2018

Алматы облысындағы Ақсу қант зауыты жаңғырту жұмыстарынан кейінгі алғашқы өнімін алды. Шаруалар қазір 80 мың тонна қант қызылшасын зауытқа өткізіп үлгерген. Кәсіпорын биыл 160 мың тоннаға жуық тәтті түбір қабылдауды жоспарлап отыр. Іргелі өндіріс орнындағы алғашқы өнімнің дәмін татқан тілшіміз Қуаныш Қанатұлының бейнематериалын көрейік. 

Мемлекетік-жекеменшік серіктестік аясында биыл зауыт Франция, Қытай, Украина елдерінің заманауи қондырғыларын орнатты. Нәтижесінде шикізаттың қанттылығы 11,5 пайызға жетті. Кәсіпорын басшылары бұл межені 13 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Биылғы жылдың алғашқы өнімі. Дәмі тіл үйіреді. Кәсіпорын келесі жылы жаңғырту жұмыстарын толық аяқтап 40 мың тоннаға дейін қант алуды жоспарлап отыр.

Зауытта 500-ден астам адам еңбек етеді. Өндірісі жанданған кәсіпорынға халық та қайта орала бастады. Елбасының жалақы көтеру туралы үндеуінен кейін қант зауытының басшылығы да қарап отырмақ емес. 

Самат Нәдірбаев, қант зауытының бас директоры:

Елбасының Жолдауын қолдау ретінде келесі жылы осы Ақсу қант зауытының жұмысшыларының жалақысын 15-20 пайызға көтереміз деп жоспарлап отырмыз.

Зауыт өңір экономикасына қан жүгіртті. 5 мыңнан астам шаруа қант қызылшасын өсіруге кірісті. Қазіргі таңда облыс бойынша 11 мың гектардан астам жерде осы дақыл игерілуде. Алдағы уақытта жер көлемін ұлғайтылып,  тоқтап тұрған тағы екі кәсіпорын жаңғыртылмақ. 

Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:

Бізге мынау Алакөл зауытын берсеңіз, біз сол жерге қаржы салып, соны  іске қосайық деп бізден сұрап жүр. Дәл сондай Қарабұлақта біздің зауытымыз бар. Оны да іске қосуға ұсыныстар түсіп жатыр.

Алматы облысы қазіргі таңда өзін-өзі қантпен қамтамасыз етуге толық қауқарлы. Ендігі меже ішкі нарықты түгелдей тәтті шекермен қамту.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу