АҚШ-тан тонналап жететін тауық еті тасымалына тыйым салынбақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-тан тонналап жететін тауық еті тасымалына тыйым салынбақ

19.11.2018

Ертеңнен бастап Ресей өз шекарасынан құс етін бізге өткізуге шектеу қояды. Бұл жаңалық ел кәсіпкерлерін қуантты. Олар: «отандық өндірушілердің өнімдері еркін саудаланады»,-дейді. Бірақ, шектеу қашанға дейін созылатыны белгісіз. Бәсекелестіктің бәсеңсуі бізге береді? Нысаналы Ығыл тарқатады.

Нысаналы ЫҒЫЛ, тілші:

 

Америка тауығының бағасы мен сапасына қарап, «арзанның сорпасы татымайды»,-дейді Фарида Жүнісова. Ол жылдар бойы сақталып мұхит асып келетін өнім қайткенмен жаңадан сойылған құс етімен теңесе алмайтынын айтады. Сол себепті, сауда сөрелерінде отандық экологиялық таза өнім тұруы тиіс деп есептейді.

Фарида Жүнісова, құс фабрикасының басшысы:

Халқымыз өзіміздің таза, табиғи өнімімізді жеу керек, деп ойлаймыз. Жанымыздағы Қырғыз Республикасы, Ресей мемлекеттеріне экспорттап отырмыз өнімімізді.

 

Халықтың сұранысы - жылына 350 мың тонна құс еті. Соның жартысынан астамын өзіміздің шаруалар өндіріп отыр. Тағы ТМД елдерінен де импорттаймыз. Сонда АҚШ-тың тауығы сапасыз болса, оны алып неміз бар?

Арман Евниев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары:

Оның сапасы қандай? Құстың еті деп айтуға кейде аузың бармайды.

 

Дей тұрғанмен, жылына 140 мың тонна жеткізіліп тұрды. Дүниежүзілік сауда ұйымының шарты солай. Ал, құс өсірушілер одағы оның көлемін 50 мың тоннаға дейін азайтуды іс қылып жүр. Себебі, ішкі нарықты қарық қылуға қауқарлы. Биыл құс еті өндірісін 240 мың тоннаға жеткізбекші. 2027 жылы - 840 мың тоннаға. Сөйтіп, экспорт та артады. Осы жөнінде Үкіметке, Еуразиялық экономикалық одаққа хат жолдаған.

Руслан Шәріпов, Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті:

-Қазақстанды толық қамтамасыз етіп және шет елге шығаратын шамамыз бар.  Сол үшін сіз қысқартуды сұрап отырсыз ба?  Оны сұрап отырғанымызға 2-3 жыл болды. Әлі ешкім шешпей отыр.

 

Бүгінде Қазақстанға жеткізілуі тиіс 185 тонна құс етін Ресей жағы тоқтатып қойды. Беларусь шекарасында да 4 мың тоннасын ұстап тұр. Бірақ, мамандарымыз АҚШ-пен екеуара келісім кедендік одақ құрылмай тұрып бекітілген, дейді.

Амангелді Ешмұхаметов, ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің басқарма басшысы:

-Қол қойылған екі аралық сертификаты бар. Сол сертификат бойынша құс еті өнімдері кіргізіле беретін. Бірақ, қазір олар тоқтатып тастады. Шешу үшін біз олармен келісімге барамыз, деп отырмыз.

 

Демек, бірі мәселенің шешілуі үшін, енді бірі керісінше. Сонда құс етін кіргізу ме, әлде өндіру маңызды ма?

 

Нысаналы ЫҒЫЛ

Хабарламаларға жазылу