Сенат үш жылдық бюджет туралы заң жобасын Мәжіліске қайтарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенат үш жылдық бюджет туралы заң жобасын Мәжіліске қайтарды

26.11.2018

Сенат үш жылдық бюджет туралы заң жобасын Мәжіліске кері қайтарды. Депутаттар құжатқа бірқатар өзгеріс енгізді. Оның негізгі себебі - мұнай бағасына байланысты болжамның құбылуы.  Үкімет келер жылы қара алтынның болжам бағасын 5 долларға төмендеткен. Бұған соңғы екі айда мұнай құнының 32 пайызға арзандауы түрткі боп отыр. Осыған байланысты үш жылда қазынаға түсер түсімдер 70 млрд. 300 млн. теңгеге азаяды деп жоспарланған. Сондай-ақ, бұл құжатта доллар бағамы да 350 теңгеден 370 теңгеге өзгерген. Сенаторлар сондай-ақ, бюджет жоспарына Жолдауда айтылған әлеуметтік мәселелерге баса назар аударуды ұсынды. Мәселен, төрт облысты газдандыру, 5 аймаққа таза су жеткізу мен сот және полиция жүйесін жандандыруға Үкіметтен қосымша қаржы қарастыру керектігін айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Үш жылға арналған бюджет Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы Жолдауындағы халықтың әлеуметтік жағдайы мен өмір сапасын жақсартуға байланысты тапсырмаларын орындауды көздейді. Бүгінгі отырыста Сенат депутаттары көтерген мәселелерге Үкімет мұқият назар аударып, олардың шешім табуы бойынша кешенді жұмыстар жүргізеді деп сенеміз.

 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу