Елордада 6 баласы бар ананы тонап кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада 6 баласы бар ананы тонап кеткен

29.05.2020

Кәсіп бастамақ болған көпбалалы ананың қажетті құрылғыларын ұрлап кетті. Елорда тұрғыны Эльвира Қадырова шамамен 400 000 теңгеге тәтті тағамдар пісіретін қондырғылар сатып алған. Алайда карантин уақытында су жаңа заттарын біреулер үптеп кетті. Шарасыз ана полицияға арыз жазғанымен, бір айдан бері еш нәтиже жоқ.

Алты баланың анасы Эльвира Қадырова тәтті тағамдарды тапсырыспен үйде пісіретін. Биыл әкімдіктің қолдауымен жертөледен арнайы орын бөлініп, жеке кәсібін бастамақ ниетте еді. Алайда қуанышы ұзаққа созылмады. Балаларының аузынан жырып, тірнектеп жинап, сатып алған заттары қолды боп кетті.

Құбырдан аққан суды сантехниктер бірнеше күн жөндеген. Аспаз ананың құрылғылары да дәл осы уақытта жоғалған. Тергеушілер бір айдан бері істің ақ қарасын анықтай алмай отыр.

Эльвира Қадырованың қымбат қондырғыларды қайта сатып алуға қаражаты жоқ. Алты баланың ас-суы, киім-кешегіне кететін шығын да шаш етектен. Шарасыз ананың заттарымды қайтарса екен деген бір ғана тілегі бар.

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу