Түркістан облысында су басқан ауылдарда картаға енбей қалған үйлер де бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында су басқан ауылдарда картаға енбей қалған үйлер де бар

31.05.2020

«Аптаға» көрермендеріміз хабарласты, бейнематериалдар жіберді. Ыбырай Тұранов есімді азаматтың хатынан үзінді: "Мақтаарал ауданы Ж. Нұрлыбаев ауылдық округы Қарақыр ауылының бұрынғы фермасында тұрамыз. Айналамызды диқандардың егістік жерлері қоршап тұр. Ол жерлердің бәрін су басты деп актіледі, біздің ауылымызды актілемей отыр. Ауыл тұрғындарымен бірге ауыл әкіміне де, аудан әкіміне де бардық, сендердің ауылдарың картада жоқ екенін айтады, бізді енгізіп қойған Өркен ауылын да, Қарақыр ауылын да 100% су баспаған деп есеп беріп қойғандарын айтады. «Әкім мырза, біздің ауыл Өркеннен 3 км Қарақырдан 4 км. алыс жатыр, қалай бізді ол ауылдарға жатқызасыз?» десек, «Сіздер бұрыннан сол ауылдарға жатасыздар және картада жоқсыздар» деп, су басқан ауылдар статусы берілмейді, су басқан ауылдарға беріліп жатқан көмектен де ала алмайсыздар, дейді.


Сонымен, түсінгеніміз – бізге хабарласқан Ыбырай Тұрановтың айтуынша, оншақты түтін тұратын ферма картада жоқ. Ал олар енгізілген ауылдар 1ОО процент су баспаған деген есеп берілген. Ал шын мәнінде фермадағы үйлерді су басқан. Картада жоқ болғасын, үйлер де жоқ. Үйлер бар, әрине. Тек есепте, санатта жоқ.  

Түркістан облысынан жеткен хатты біз қайтадан Түркістан облысына жолдаймыз. Хатты жазған кісіге емес, әрине. Әкімдікке.


Хабарламаларға жазылу