Шығыс Қазақстан облысындағы сүт зауыттарының өндірістік қуаты күшейіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан облысындағы сүт зауыттарының өндірістік қуаты күшейіп келеді

04.12.2018

Бұған соңғы жылдары өңірдегі сүт өндіретін фермалардың көбейіп, сүт қабылдау жұмысының қайта жандануы оң әсер етіп тұр. Шикізат молайған сайын кәсіпорындардың қарқыны артып, жаңа өнім түрлерін шығарып жатыр. 

 «Эмиль»  зауытының ашылғанына биыл ширек ғасыр. 25 жыл бұрын тәулігіне 3 тонна шикізат өңделсе, қазір бұл көрсеткіш 130 тоннаға жеткен. Өндіріс көлемін арттыру үшін соңғы үлгідегі қондырғылар қойылған.

Андрей Кудинов, сүт зауытының механигі:

Жаңа аппараттар электронды. Жұмыс барысында қандай да бір ақау шықса, монитордан көрініп тұрады, яғни, бұрынғыдай іздеп, әуре болмаймыз. Осының арқасында оны жылдам іске қоса қоямыз.

Жүздеген адамның қол еңбегі мен заманауи технологияны ұштастыра білген зауытта қазір сүт өнімдерінің 150-ге жуық түрі өндіріледі. Жұмыстың басым бөлігі автоматтандырылған. 

Берік Көшербай, тілші:

Бұл осы зауытқа ең соңғы жеткізілген заманауи қондырғылардың бірі. Қаймақты пластикалық ыдысқа құюға арналған. Бұрынғысымен салыстырғанда өндірістік қуаты 1,5 есеге жоғары. Яғни, 1 сағаттың ішінде осындай 1500 пластикалық құтыға қаймақты автоматты түрде құйып шығады. 

Өңірде соңғы 2-3 жылда тауарлы сүт фермалардың саны артып, 61-ге жетті. Нәтижесінде, сүт өңдейтін кәсіпорындарды шикізатпен қамту көрсеткіші де жақсарды.

Талғат Айтуаров, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

Біздің облыста 23 сүт өңдейтін өнеркәсіп бар. Олар былтыр шикізатпен 65 пайызға қамтылды. Биыл 70 пайызға жеткізуге тырысамыз.

Жалпы, еліміз бойынша шығыс өңірі сүт өндіруден көш басында. Мамандардың айтуынша, аймақтың сауын сиырларды көбейтіп, сүт индустриясын өркендетуге әлеуеті әлі де мол. Осыны ескерген өңдеуші кәсіпорындар да өндірісті еселеу үшін жаңа жобалардан тартынбайды.

Анна Аберле, сүт зауытының бас директоры:

Біз жаңадан екінші өндірістік алаң салып жатырмыз. Қазір құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жобаның жалпы құны 1 миллиард теңгеге жуық. Оның 60 пайызы несие, қалғаны өз қаражатымыз.

Сүтті өндіріп қана қоймай, сату да табысты молайта түседі. Осы қағиданы ескеріп, өңірдегі көптеген шаруашылықтар да шағын цехтар ашып,  кластерлік жүйе бойынша жұмыс істеуге көшіп жатыр.

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу