Армениядан елімізге әкелінген көліктер бүгіннен бастап уақытша тіркеуге алына бастады. Алғашқы күннің өзінде Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында ондаған машинаға сары нөмір берілді.
Елордада да армениялық темір тұлпар тізгіндегендер көп. Бірақ уақытша тіркеуге тұру үшін мамандандырылған орталыққа келгендер аз. Жалпы көлікті тіркеу үшін жүргізушінің жеке куәлігі мен машинаның армениялық құжаты болып, 11 мың теңге мемлекеттік баж салығы төленуі тиіс. Әрі авто Армениядан 2020 жылдың 1-ақпанына дейін әкелінген болуы керек. Тағы бір маңызды жайт, уақытша тіркеуге алынған соң, армениялық көлікті Қазақстан ішінде өзге адамға сата алмайсыз.
Есесіне, уақытша тіркеуден кейін армениялық машиналармен емін-еркін жүруге болады. Әзірге он шақты жуық көлік иесі құжаттарын заңдастырып, жаңа нөмір алып үлгерді.
Осылайша, бүгін басталған уақытша тіркеу қыркүйектің біріне дейін жалғасады. Осы үш айда армениялық көлік иелері уақытша тіркеуге тұрып үлгеруі керек. Өйткені одан кейін жүру қиындай түсуі мүмкін.
Досжан МАРАТҰЛЫ