Қарағанды облысының Шашубай кентінде балконы опырылып кетіп, мертігіп қалған ерлі-зайыптылар қазір ауыр жағдайда. 36 жастағы әйелдің қолы сынып, беті мен іш құрылысы жарақаттанған. Ал 46 жастағы ер адамның көкірек тұсы жаншылып, бауыры зақымданған.
Балкон опырылған үйдегі 4 пәтер жекенің иелігінде. Қалғаны түгел Ақтоғай аудандық әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің меншігінде. Оқыс жағдай болған пәтер де соған қарайды. Ерлі-зайыптылар оны жалдап тұрған. Полиция бұл оқиға қатысты тексеру жұмыстарын бастап кетті. Қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.
Ал, жалпы облыс бойынша 52-і көпқабатты үй апаттық жағдайда. Ең көбі Жезқазған қаласында. Мұндағы 26 үйдің әбден тозған. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған баспаналарда жұрт амалсыз күнелтіп жатыр. Жергілікті билік ең қауіпті 9 үйдің тұрғындарын биылдан қалдырмай көшірмек. Ал үш жылдық жоспар бойынша Жезқазғандағы 17 апатты үйдің мәселесі шешілмек. Ол үшін қосымша қаражат көздері қарастырылуда.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ