Байқоңыр - күллі адамзаттың игілігі, оның космонавтикадағы тарихи рөлі зор. ҚР Президенті ресейлік «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатында осылай деді.
«Ғарыш саласындағы ынтымақтастық пен Байқоңырды бірлесіп дамыту ісі - Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық әріптестігінің маңызды көрінісі. Ғарыш айлағының тіршілігін қамтамасыз ету мәселесін Үкіметаралық комиссия қарайды. Әсіресе, байланыс, телевизия және ғылыми зерттеулер саласында қолданылатын азаматтық ғарыш аппараттарын құруға басымдық беріледі.
Біз «Гагариндік старт» жоба аясында тығыз қарым-қатынас орнаттық. Қазақстан, Ресей және Біріккен Араб Әмірліктерінің инвесторлары осы ұшыру алаңына қаржы құюға ниетті. Ал «Бәйтерек» жобасы улы отынды пайдаланатын «Протон» зымырантасығышының орнына экологиялық таза тасымалдаушы аппараттарды ұшыруды көздейді. Екі елдің экономикасына айтарлықтай үлес қоса алатын «Байқоңыр» экономикалық аймағын құру туралы Қазақстанның бастамасын ерекше атап өткім келеді.
Қазан айында ғарыш айлағының 65 жылдың мерейтойы тойланады. Біз бұл атаулы күнді лайықты деңгейде атап өтуіміз керек, өйткені Байқоңыр - бүкіл адамзаттың игілігі, оның дүниежүзілік космонавтикадағы тарихи рөлі зор», - деді Президент.