Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл әуқат қорын» басқару жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Айтулы жиында әуелі шағын және орта бизнесті қолдау шаралары бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі тыңдалды. Өз кезегінде Елбасы экономиканы одан әрі дамыту жолында жұмысты ширата түсу керектігін ескертті. Коронавирустың кесірінен күллі әлем тығырыққа тіреліп, әлемдік сауданы тұралатып, дүниежүзілік дағдарысқа соқтырды. Осындай қиын кезеңде ұлттық экономиканы ұтымды басқарып, даму қарқынын арттыру аса маңызды екенін айтты Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Елбасы сатып алулар кезінде қазақстандық үлесті арттыруды және отандық тауар өндірушілерді қолдау шараларын күшейту керектігін ескертті. Жиын қорытындысы бойынша, «Самұрық-Қазынаның» жұмысына оң бағасын берді. Дәл осы дағдарыс кезінде экономиканы қолдау үшін Ұлттық қордан қомақты қаражат бөлінгені белгілі. Ал «Самұрық-Қазына» керісінше ұлттық қордың қоржынын толтыруға 100 миллиард теңге жібергенін атап өтті. Атқарылған шаруаларға тоқмейілсімей жұмысты одан әрі қарқынды жалғастыруды тапсырды.
Ербол МӘНДІБЕК