Аты аңызға айналған «Байқоңыр» ғарыш айлағына 65 жыл. Адам миы мен фантазиясының жетістігі ретінде сөз жоқ, ғажап кешен. Дегенмен «дегенмені» көп. Біз үшін. Мамырдың соңында Канаверел мүйісінен NASA тапсырысымен SpaceX компаниясы жасаған Crew Drаgon кораблі ұшырылып, халықаралық ғарыш станциясымен сәтті түйіскені мәлім. Ең кереметі, экипаж Жерге сол аппаратпен қайтады деген жоспар бар. Адамның ғарышты игерудегі бетбұрыс сәті – алғаш рет Жер орбитасына Жерге қайта қонатын және жекеменшік компания жасаған кеме ұшырылды. Бұған дейін ғарышқа жүк таситын кеме ұшырып, енді міне, астронавт мінген кеме жасап шығарған компанияны басқаратын Илон Маск расында, ерекше өнертапқыш. Сонымен бірге бұл ұшырылымның АҚШ үшін маңызы екі есе жоғары. 2011 жылдан бері америкалықтар халықаралық ғарыш станциясына тек ресейлік «Союз» кемелерімен «Байқоңырдан» ұшатын. Демек АҚШ орбитаға кеме жіберу бойынша уақытша тәуелділіктен де құтыла бастады.
Жаңа біз «Байқоңырға» орай «дегенмен» дедік. Біріншіден, біздің жерімізде тұрғаны болмаса, мемлекет ретінде пайда көріп жатқанымыз шамалы. Мәселе, тіпті ғарышкер ұшыруда емес. Ғарыш программалары арқылы көретін жетістіктерді пайдалануда. Ал талай рет анонсталған Ресеймен бірлескен бағдарламалардың қашан іске асатынын «америкалықтар ғарышқа батутпен ұшсын» деп кекесінді күліп жүрген «Роскосмос» басшысы Рогозин сияқты Ресей шенеуніктері айтпайды. Батут емес, мықты кеме дайындап жатқандықтан америкалықтар үндемеген екен ғой.
Екінші мәселе - «Байқоңыр» кешені маңындағы елді мекендердің тозғаны. Сонымен бірге ресейлік кемелер жағатын гептильдің залалы.
Саламат ОМАШ