Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент болып сайланғанына тура 1 жыл толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент болып сайланғанына тура 1 жыл толды

09.06.2020

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент болып сайланғанына тура 1 жыл болды. Былтыр 7 кандитат арасынан айқын басымдықпен жеңіске жеткен. Бір жыл ішінде сайлауалды бағдарламасында ұсынған іргелі істердің біразын жүзеге асырып та үлгерді. Әлі де жоспар ауқымды.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет». Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған қағиданы қағаз жүзінде қалдырмас үшін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрды. Кеңестің бастамасымен «Сайлау туралы», «Саяси партиялар», «Бейбіт жиындар» «Парламенттік оппозиция туралы» заңдар қабылданды.

Бір жыл ішінде әлеуметтің әл-ауқатын арттыру үшін үлкен жұмыстар атқарылды. Тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың, жалпы ұзын саны жарты миллионнан астам адамның қарызы кешірілді. Әрқайсына 300 мыңнан 3 миллион теңгеге дейін төленді.

Ұстаздардың жалақысы 25 пайызға, бюджет саласы қызметкерлерінің айлығы республикалық деңгейде 50 пайызға, жергілікті деңгейде 35 пайызға көбейді. 7400-дей көпбалалы отбасы баспаналы болды. Студенттердің, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы да 25 пайызға өсті.

Айдың күннің аманында тосыннан келген Арыстағы апатқа да түн қатып барып, ағайынға үн қатып, ортасынан табылды.

Ел бойынша 7 миллиард теңге қаржы жиналды. 7,5 мыңнан астам тұрғын үй, 70-ке жуық әлеуметтік нысан қалпына келтірілді.

Көпті алаңдатқан оқиғаның бірі Қордайдағы қайғылы жағдай еді. Президент бұл жерге де арнайы барып, жылдар бойы қордаланған мәселелердің шешілуіне сеп болды. Әлем халқын әбігерге салған Covid-19 вирусымен күресте де мемлекет тарапынан жылдам әрі дұрыс шешімдер қабылданды.

Осы карантинмен қатар келген әлемдік дағдарыс кезінде азаматтар мен бизнесті қолдау үшін 6 триллион теңге бөлінді. Кәсіпкерлердің несиелері кейінге шегеріліп, салықтық жеңілдіктер жасалды. 4,5 миллион адам қаржылай көмек алды. Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша 255 мың жұмыс орны ашылады. Дағдарыстан кейінгі кезеңде экономикалық дамуды қалпына келтірудің кешенді жоспары әзірленді.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу