Батыс Қазақстанда 100-ден астам медицина қызметкері вирус жұқтырған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда 100-ден астам медицина қызметкері вирус жұқтырған

09.06.2020

Бүгін Петропавлда 3 жасар баладан Covid-19 вирусы анықталып, балақай тәрбиеленетін балабақша карантинге жабылды. Жалпы еліміздің бірқатар өңірінде қатерлік індеттің белең алуына байланысты шектеу шаралары қатаңдатылып, талап қайта күшейтілуде. Мәселен, Қызылорда облысында балаларға арналған жазғы лагерьлердің жұмысы тағы кейінге шегерілді. Эпидемиологиялық жағдай тұрақталмай тұрған Түркістан облысында да карантин ұзартылды.  

Ақтөбе облысының Шалқар қаласында да бүгіннен бастап шектеу шаралары күшейтілді. Аудан орталығында бір аптада 22 адам вирус жұқтырған.

Маңғыстауда карантин тәртібін бұзғандарды хабарлайтын сенім телефоны іске қосылды. Енді кез-келген тұрғын ортақ талапқа бағынбағандарды фотоға немесе бейнежазбаға түсіріп, колл-орталығына жолдай алады.

Батыс Қазақстанда қауіпті кесел жұқтырып алған медицина қызметкерлерінің қатары көбейіп барады. Бүгінде індетке шалдыққан мамандар саны 116 болды. Науқастар жұқпалы аурулар стационарында ем алуда. Жалпы, облыста 845 адам індет жұқтырған. Олардың 423-і жазылып шықты. Қатерлі инфекция өңірдің барлық ауданында тіркеліп отыр.

Әділбек СЕРІКҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу