Ресейде ресми түрде коронавирусқа қарсы препарат тіркелді. Бұл туралы көрші елдің Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді. Бұдан бөлек, вакцина жасап шығарылды. Екпе қазір сынақтан өткізіліп жатыр.
Иә, бұл вакцинаны Ресейдегі Гамалея атындағы институттың ғалымдары мен Қорғаныс министрлігінің мамандары бірлесіп шығарған. Алғашында жануарларға тестілеу өткізілді, енді қазір екпе елу адамға салынады. Сынаққа келіскендердің 45-і ер адам мен 5-і әйел адам, басым бөлігі әскери қызметкер, ішінде 3 дәрігер бар. Жастары 20-50 арасында. Ғылыми институт директоры Александр Гинцбургтың мәліметінше, институт қызметкерлері де вакцинаны өздеріне еккен, індетке қарсы иммунитетті қалыптастыратыны дәлелденген. Сынақ жұмыстары шілде айының соңында аяқталады. Ойдағыдай нәтиже берсе, Үкімет жыл соңына дейін айына 15 миллиондай вакцина шығарамыз деп мәлімдеді. Бірақ екпе ДДҰ- ның оң бағасын ала ма,жоқ па, бұл жағы әзірге белгісіз. Ал Ресей парламентінің жоғары палатасы болса, коронавирусқа қарсы екпені барлық азаматтарға міндеттейтін заң жобасын қарап жатыр. Оған сәйкес вакцинадан бас тартқандар жұмысқа, оқуға қабылданбай, тіпті мектепке де бара алмауы мүмкін.
Индира БЕГАЙДАР