Шығыс Қазақстандағы Аягөз ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Кеше кешкісін жылдамдығы секундына 28 метрге жеткен жойқын жел халықты әбігерге салды. Дүлей дауылдан ғимараттардың шатыры ұшып, ағаштар құлаған. Қала тұрғындары сағаттап жарықсыз қалды. Зардап шеккен адамдар да бар.
Қатты соққан қара құйын 80 жер үйдің, 20-ға тарта көпқабатты үй мен 10 әкімшілік ғимаратқа зақым келтірген. Көбіне қаңылтырмен жабылған шатырлар желге шыдас бермей ұшқан. Бірнеше көлік зақымданған. 7 адам түрлі жарақат алып ауруханаға жүгінген. Бір адам стационарға жатқызылды.
Аягөз қаласынан бөлек, Майлин, Ескі Мамырсу елді мекендерінде де тұрғын үйлерге зақым келген. Облыс әкімі бір аптаның ішінде қираған дүниені қалпына келтіруге тапсырма берді. Синоптиктер Шығыс Қазақстан аумағында бүгін де қатты жел соғатындығы жайлы ескертіп, СМС хабарлама таратып жатыр.
Ержан ЖАҚЫП