Түркістан облысында 3 автовокзал жабылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 3 автовокзал жабылды

17.06.2020

Түркістанда 3 бірдей автовокзал жабылды. Өйткені бұл бекеттерде заңсыз жолаушылар таcымалымен айналысатындар көп. Оның үстіне қаланың қақ ортасында үнемі көлік кептелісін тудырады. Сол үшін облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы кеше ғана «Алтын Орда», «Мерей», Орталық автовокзалдың жұмысын тоқтату туралы қаулы шығарған. Ал, бүгін құзырлы орган рейд ұйымдастырып, аталған автобекеттердің әлі жұмыс істеп тұрғанын көрді.

Жан-жаққа жолаушы таситын көліктер ғана емес, сол маңда сусын, тамақ сататын дүңгіршектер де санитарлық талаптарды сақтамаған. Мобильді топ мүшелері оларға ескерту жасаумен шектелді. Жалпы облыста карантин режимін қадағалайтын 71 топ құрылған. Олар бүгінге дейін 22 нысанға хаттама толтырып, сотқа жолдаған. Тура осындай рейдтік шара Шымкентте де жалғасуда. Мұнда санитарлық талаптарды сақтамаған 4 базар мен 32 нысан иесіне ескерту жасалды. Сондай-ақ, қаулыға атүсті қараған бір дүңгіршек пен азық-түлік сататын дүкен жабылды.

Гүлжазира ҒАЛИ


Хабарламаларға жазылу