Ал үкімет коронавирус инфекциясының таралуына қарсы жаңа шаралар кешенін әзірлейді. Премьер-Министр Асқар Мамин осындай міндет жүктеді. Сондай-ақ елімізде қорғаныш киімдерін шығаратын 3 кәсіпорын ашу жоспарланып отыр. Одан бөлек, медициналық маска тігетін 4 өндіріс нысаны іске қосылмақ.
Коронавирус инфекциясы күн сайын күрделеніп барады. Соңғы уақытта барлық өңірде науқастар саны күрт өсті. Әсіресе, симптомсыз жағдайлар көбеюде. Мәселен, ауру белгісі жоқ болса да вирус жұқтырғандар саны осы аптада 65 пайызға артқан.
Ауыр жағдайда ауруханаға келіп жатқандар да жетерлік. Егер емханаларда жүктеме 90 пайыздан асса, карантин қайта күшейтілмек. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Ал, Үкімет басшысы бір аптаның ішінде инфекцияға қарсы күрес шараларын әзірлеуді тапсырды.
Алдымен, елдегі медициналық маска өндірісін көбейту көзделіп отыр. Мәселен, қазір 9 кәсіпорында күніне 490 мың бетперде тігілсе, жыл соңына дейін тағы 4 кәсіпорын ашып, тәулігіне 1 миллион 100 мың маска шығарылмақ.
Үкімет басшысы коронавирус инфекциясы жағдайын ескере отырып, жыл сайынғы жоспарлы вакциналаудың да алгоритмін жандандыруды тапсырды. Өйткені вакцина - жұқпалы аурулармен күрестің негізгі әрі нәтижелі тәсілі.