Торғай даласынан сақ дәуіріне жататын «Алтын бұйымды адамның» қорымы табылды. Археологтар мұндай көне жәдігер бұл өлкеде алғаш рет кездесіп отырғанын айтады. Яғни аймақтың тарихы үшін – «Алтын адам» табылғанымен бірдей.
Қос өзен тоғысып, жазық пен тау сілемдері түйіскен тұс – көне сақ тайпаларының қорымы болғанға ұқсайды. Осы жерде 20 шақты обаның орны бар. Қазба жұмыстары 2017-ші жылы басталыпты. Содан бері төрт оба зерттелген. Алайда, тарих үшін аса бағалы қазына соңғысынан табылды. Археологтар бұл қорымға сақ бекзадаларының бірі жерленген деп есептейді.
Тек әшекейлер ғана емес, киімдерінің өзі өте ұсақ алтын моншақтармен безендірілген. Бұйымдардың жасалуы да өте күрделі. Бұл сақ зергерлерінің шеберлігін, алтынды өндіру мен өңдеуді қаншалықты терең меңгергендігін көрсетеді. Ең бастысы әр зат - өлкенің көне замандағы тарихынан құнды деректер жеткізіп тұр.
Қорғаннан табылған жәдігерлер алдымен хатталып, кейін мұражайларға тапсырылады. Ал қазба жұмыстары жүргіліген жердің өзін туризм нысанына айналдыру жоспарда бар. Алайда көне қорым күре жолдан жырақта жатыр. Сондықтан бұл жоспарды қалай, қайтіп жүзеге асыруға болатыны әзір беймәлім.
Дәуренбек ӘБДІБЕК