ҰБТ сұрақтарында қандай өзгерістер бар? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҰБТ сұрақтарында қандай өзгерістер бар?

20.06.2020

Тәртіпті айттық, тағы біраз дүние бар. Ол сұрақтар туралы. Жалпы биыл 17-ші рет өткізілетін ҰБТ-тің кітапшаларының ішінде қанша сұрақ болса, айналасында да сонша сауал туады. Бәріңіз білесіздер, 2019 жылдан бастап ҰБТ жылына 4 рет өткізіледі. Барлығы 5 пән, 3 міндетті және екеуі бейінді пән. 120 сұрақ беріледі, мүдірмеген талапкер 140 балды қанжығасына байлап қайтады. Айтпақшы, Ұлттық тестілеу орталығы биыл 140 балл алған оқушыға ноутбук сыйламақшы. «Апама да барайын, тайлағымды да үйретіп қайтайын» деген осы. Биыл сынақ тапсыруға 131 755 адам өтініш білдірген. Оның ішінде 2020 жылы мектептен түлек ұшқандар мен бұрынғы жылдары биікті бағындыра алмай қалғандар бар.

Сәтсіздік үшін ақталудың, айыптыны іздеудің қажеті жоқ. Алдында айттым ғой, өзімізге келгенде адвокат, өзгелерді айыптағанда прокурор болуды доғару керек. Мүмкін жаныңыздағы түлек тәртіп бұзып тапсырар, бірақ аудиториядағы камералар бәрін бақылап тұрады. Жазбалар орталыққа келеді, кімде-кім рұқсат етілмеген затты қолданғаны анықталса оның иеленген грантының өзін білім басшылары тартып алады. Әділет деген осы.

Назым ҚАЙРАТ


Хабарламаларға жазылу