Кәсіпкерлікті дамытуға ден қою керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәсіпкерлікті дамытуға ден қою керек

09.04.2019

Тұрмыс-тіршілігі төмен және баласы көп отбасыларға тек мемлекет қана емес, елдегі бизнес-қауымдастықтар да қол ұшын беріп жатыр. Бүгін Үкімет отырысында Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» бастамасы аясында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалар қаралды. 

Бастаманы кәсіпкерлер белсенді қолдаған, табысы аз азаматтарды өз кәсіпорындарына жұмысқа орналастырып, бизнестің тілін үйрете бастаған. Құп дедік. Алайда, елді жарылқап жүрген шағын және орта бизнестің өз жағдайы мәз емес көрінеді. Себебі, кей өңір басшылары осы бағыттағы жұмыстарға салғырттық танытқан. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы да, бүгінгі отырыста сөз болды.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

Жалпы, 7 жылдың ішінде кемі 40 мыңға жуық жалдамалы пәтер берілу керек. Оған қосымша 3 жылдың ішінде ТҮҚЖБ арқылы жеңілдетілген несиемен кемі 18 мың пәтер берілуі керек. Барлығын есептегенде, осы мерзімде 54 мыңға жуық пәтер берілуі керек. Оның 12 мыңы биыл берілуі керек.

Бала қамы, оның күтімі деп үйде отырып қалған аналарға жұмыс та қарастырылған. Жыл соңына дейін 370 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бұдан бөлек, кәсіпкерлікке баулып, өз ісін дөңгелетіп әкетуге жәрдемдеседі. Жалпы, биыл бюджеттен 83 млрд.теңге бөлініп, 820 мыңнан астам адамға әлеуметтік көмек көрсетілмек.

Қалталы кәсіпкерлер де игі істен шет қаламй, асар жасап жатқанын айта кеткен жөн. Кәсіпкерлік демекші, осы отырыста Ұлттық Экономика министрі бірқатар өңірде шағын және орта бизнестің тұралап қалғанын айтты. 2 жыл бұрын отандық өнеркәсіптер шығарған өнім 23 трлн.теңге болса, қазір көрсеткіш кеміп кеткен.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

2018 жылғы  9 айдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі әртүрлі өзгерген. Шағын және орта бизнестің көп үлесі Нұр-Сұлтан, Алматы  қалаларына және Шығыс Қазақстан облысына тиесілі.

Ең төмен бөлігі - Қызылорда, Павлодар және Қарағанды облыстарында. Бұл ретте, соңғы 4 жылда бірқатар өңірлерде шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесінің төмендеуі байқалады. Олар: Батыс Қазақстан және Павлодар облыстары

Аты аталған аймақ басшыларының жұмысын сынға алған Үкімет басшысы, кәсіпкерлікті дамыту үкіметтің басты бағыттарының бірі екенін және Елбасы шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін 2025 жылға қарай 35% жеткізу межесін қойғанын тағы бір естеріне салды.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

Қазіргі таңда «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бизнесті дамыту мен тиімді құру құралына айналды. Бағдарламаны іске асыруға осы жылы 71,8 млрд теңге бөлінеді.

Бағдарламаны іске асыру барысында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары, Атырау және Қостанай облыстары жақсы көрсеткіштерге жетіп, оң даму қарқынын қамтамасыз етті. Артта қалып қойған өңірлер осы бағытта жұмысты жандандыруы қажет. 

Сондай-ақ, Үкімет басшысы жер-жердегі әкімдерге шағын және орта бизнестің дамуына ден қойып, осы бағытта қосымша қаражат бөлуді тапсырды. Бизнес мектептердің тиімділігі артып, өз кәсібін ашқан адамдар саны да өсуі тиіс.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу