Жұмысынан айырылған 42 мыңнан астам адам сақтандыру қорынан төлемдер алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жұмысынан айырылған 42 мыңнан астам адам сақтандыру қорынан төлемдер алды

15.07.2020
Жұмысынан айырылған 42 мыңнан астам адам сақтандыру қорынан төлемдер алды

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 42 мыңнан астам адам жұмысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдер алды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Биылғы жылдың қаңтар айынан маусым айына дейін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді алушылардың саны 42,3 мың адамды құрады. Бұл ретте 6,5 мың азаматқа төлем ағымдағы жылдың маусымында тағайындалған. 

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған қызметкерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айрылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 40%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемді қалай алуға болады?

 1. Egov.kz порталындағы «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінінен «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» сервисін таңдаңыз;

 2. Ұсынылған нысандарды жеке мәліметтеріңізді көрсете отырып толтырып, өтінім жіберіңіз (ешқандай құжат тіркемейсіз);

3. Жеке кабинетіңізден өтінім статусын көруге немесе хабарлама нәтижесі туралы ақпарат алуға болады;

4. Бір күн ішінде Жұмыспен қамту орталығы сізге қашықтан жұмыс табуға көмектеседі;

5. Егер жұмыс табылмаса, сізге жұмыссыз мәртебесі беріледі;

6. Жұмыссыз ретінде тіркелген соң әлеуметтік төлем тағайындау бойынша ұялы телефонға SMS-хабарлама келеді. Оған жауап беру қажет; 

Төлем автоматты түрде тағайындалады.

Хабарламаларға жазылу