Әлеуметтік әлжуаз топтағы азаматтардың несиесін өтеп беруге мемлекет 105 млрд теңге қарастырмақ. Бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында Үкімет мүшелері «Қазақстандықтардың борыш жүктемесін азайту» туралы Президенттің жарлығын бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп берді. Ақпаратқа сәйкес, 105 млрд-тың 88-млрды республикалық бюджеттен, ал, 17 млрд. теңге проблемалық несиелер қорынан арнайы облигацияларды шығару арқылы тартылмақ. Қыруар қаржыға мемлекет жалпы сомасы 3 млн.теңгеден аспайтын несиесі бар азаматтың 300 мың теңге борышын жауып береді. Ал, өсім мен айыппұлдары төленбей, еселеніп кеткен өзге адамдардың қарыздары қаржылық мекемелердің есебінен жүргізілмек. Сәтін салса, бір реттік науқан екі айдан соң басталады. Айта кетейік, қазіргі күні елімізде тұрмыс-тіршілігі төмен 933 мың азамат тіркеуде тұрса, соның 500 мыңға жуығы борышқа белшеден батқандар екен.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары-қаржы министрі:
- Мемлекет есебінен әлеуметтік топқа кіретін адамдардың 300 мың теңге көлеміндегі барлық борыштары өтеледі. Оған несие негізі, сыйақы және айыппұлдар да кіреді. Ал, қалған адамдарға 5 млн халық бар жалпы тұтыну кредиті бар. Солардың барлық айыппұлдары өтелетін болады.