Шығынға батырып, қаржылық шұңғылға түсіретіндер көбіне-көп Ұлттық банкпен реттелмейтін шағын компаниялар. Олар әдетте несие алудың оңай жолын ұсынып, несиені еш тексерсуіз онлайн бере салады. Былтыр 1 миллион 600 мың отандасымыз жалақыға дейін қарыз беретін ұйымдардың көмегіне жүгінген. Бұл мәселеге қатысты Ұлттық арна тілшілері талай бейнематериал әзірлеген еді. Қитұрқы жүйені жүгендеу үшін енді үкімет пен Ұлттық банк нақты шараларға кірісіпті.
Қысылғанда құтқарып, артынан алқымыңнан алады. Алайда онлайн несиеге үйреніп қалғандар бұл ордан оңайлықпен шыға алмайды. Өйткені төлеу мерзімінен сәл кешіксең, өсімпұлы көкке ұшады. Сондай қақпанға түсіп қалған адамдардың бірі — Бауыржан Бүрлібаев.
Бауыржан Бүрлібаев, онлайн несие алған азамат:
Сәл қиналсаң, ақша керек болды ма, алғың кеп тұрады. Ешкімге жалынбайсың. Пайызы да басында кішкентай болатын. Егер төлей алмай қалсаң, пайызы қатты өсіп кетеді.
Несиені онлайн оңды-солды беріп, ойына келген үстемақыны белгілеп отыруына заңнамадағы олқылықтар жол беріп отыр. Үш жыл ішінде банктерде займ беру қырық пайызға өссе, Ұлттық банкпен реттелмейтін қаржылық ұйымдарда бұл көрсеткіш екі есеге артқан. Яғни, халықты борышқа батырып отырған негізгі «батпан құйрық» — осы онлайн несие беретін компаниялар. Мұны үкімет те, Ұлттық банк те мойындап отыр. Сондықтан келеңсіздікті жою үшін келер жылы тиісті ережелер енгізілетінін жеткізді.
Олег Смоляков, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары:
Біз ұсынған шаралар Сенатта қолдау тауып, қазір мемлекет басшысына жолданды. Президент қол қояды деп үміттенеміз. Бұл өзгерістер қарыз алушының борыш жүктемесіне қатысты жағдайын жан-жақты әрі тереңірек зерттеуді көздейді. Ол ақпаратты Несие бюросына жіберу сияқты басқа да қосымша шаралар қарастырып отырмыз.
Бұл – ертеңгі күні табысы төмен азаматтардың түрлі шағын ұйымдардан бірнеше несие алмауы үшін жасалып жатқан қадам. Президенттің кешегі бастамасы қоғам пікірін екіге бөлді. Ал сарапшылар пікірі мынаған саяды.
Айдос Сарым, саясаттанушы:
Осы бір тарихты жабатын болсақ, бұл әлемнің біраз елдерінде болған нәрсе. Біздің ойлап тауып жатқан нәрсеміз емес. Болашақта жалпы несие беру саясатын жөнге қою керек. Маған ақша керек, ертең қалай болса табамын, бір жөні болар, үкімет бар, аштан өлтірмейді деген психологиядан арылу үшін де белгілі бір тарихты жабу қажет.
Расул Рысмамбетов, қаржы мәселелері бойынша кеңесші:
Бұл бастама, бір жағынан, тәуекелділік. Өйткені қоғамның бір бөлігі «мен бәрін дер кезінде төлеп жүрмін, маған неге кешірмейді?» деп айта бастады. Ал, екінші жағынан, көп азаматтардың борыш жүктемесі өсіп кеткенін де мойындау керек. Сондықтан құтқару қызметі ретінде бір реттік шара ұйымдастырған да дұрыс шығар.
Осылайша, мемлекеттік банктер мен шағын микрокредиттік ұйымдардың жұмысын реттеп, жауапкершілігін арттырмақшы. Мұнымен қоса, азаматтарды көрпесіне қарай көсілуге үйретуге мүдделі. Өйткені, жасыратыны жоқ, тұтынушылық несиені жөн-жосықсыз той-томалақ, не қымбат гаджет үшін алатындар да аз емес.
Альбина ӘШІМ