Теңге бағамы тербеліп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теңге бағамы тербеліп тұр

15.08.2019

Теңгенің бағамы теңіздің толқынындай тербеліп тұр. Бір аптаның ішінде соңғы жарты жылдағы рекордтық көрсеткішке дейін түсіп, қайта көтерілді. Халық арасында 1 доллардың құны 400 теңгеден де асып кетуі мүмкін деген болжам бар. Бұл қаншалықты шындыққа үйлеседі?

Қазақстан - экспортқа тәуелді мемлекет. Экономикамыз мұнайдың бағасына тікелей тәуелді. Соңғы 2 аптада күллі әлемнің құбылып тұрған саясаты, АҚШ пен Қытайдың арасындағы текетірес «қара алтынның» құнын құлатып жіберді. Бір баррельдің бағасы 65,2 доллардан 56,2-ге бірақ құлады. Теңгемен есептесек, біздің кірісіміз біршама азайды. Дегенмен мемлекет бюджеті шамамен бір бөшкесінің құны 55 доллар шамасында болады деп құрылған еді.

Әлішер Бодаубеков, экономика ғылымдарының магистрі:

Экономикалық құбылыстардың көбі теңгеге қарсы әрекет етіп жатыр, әлемдік және ішкі саясат болсын. Дегенмен, қарапайым халық үшін қорларын ұлттық валютада сақтаған тиімді деп есептеймін. Себебі теңгемен ашылған депозиттердің пайыздық мөлшерлемесі шетел валютасына қарағанда едәуір жоғары. Мемлекет тарапынан депозиттерге сақтандыру да бар.

Теңгенің тұрақсыздығына әсер етіп отырған келесі фактор - маусымдық құбылыс. Жыл сайын жаз мезгілінде шетел валютасы сыртқа көп шығарылады. Бұл ел ішінде долларға деген сұранысты арттырып, бағасының өсуіне алып келеді.

Жангелді Шымшықов, экономист:

Тамыз айында шет елге сапарлайтындардың саны артады. Өйткені оқуға түсуге барады. Екіншіден, демалысқа барады. Үшіншіден, денсаулығын жөндеуге барады деген сияқты.

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9 пайыз шамасында қалдырды. Мамандардың есебінше, бұл инфляцияны 4-6 пайыз шамасында сақтауға жол ашады. Бұл - ұлттық валютамыздың бағамы күрт өзгермейді деген сөз.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

Жаһан нарығында болып жатқан жағдай, біздің өнімге сұраныстың өзгеруі инфляцияның күрт өсу қаупін жоғарылатса, 2019 жылдың соңына дейін Ұлттық банк тарапынан ақша-кредит саясаты қатаңдатылуы мүмкін.

Осылайша бас банкир теңгеге көрсетіліп жатқан жан-жақты қысымды жоятындарын, ұлттық валютаның құнын сақтап қалу үшін үлкен жұмыстар атқарылатынын атып өтті

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу