Құс тұмауына қарсы сақтық күшейтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құс тұмауына қарсы сақтық күшейтілді

05.08.2020

Көршілес Ресейдің Челябі облысында құс тұмауының таралуына байланысты біздің елде де сақтық шаралары күшейді. Челябімен шектесетін Қостанай облысы аумағында ветеринарлық бекеттер жұмыс істеп тұр. Оларға індет шыққан аймақтан құс өнімдерінің барлық түрін өткізбеу тапсырылған. Шектеу қашанға дейін созылары әзір беймәлім. Алайда бұл бағаға әсер етпейді – дейді мамандар. Себебі жыл сайын елімізге сырттан әкелінетін құс етінің Ресейге тиесілі үлесі 2 процентке де жетпейді. Көршіден шыққан індет елге таралмауы үшін үй құстарына вакцина егіледі.

Асанхан Жұмаш, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті басқармасының бас сарапшысы

«Құспен айналысатын шаруашылықтар бүкіл биологиялық және санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуі керек. Біз оларға ұсыным бердік. Шаруашылықтардағы құстарға вакцина егіледі. Және олардың жанындағы 20 км радиустағы үй құстары да егіледі. Бізде жылына 3,5-4 млн құс егіледі»

Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу