Тұрғындардың алмаған медициналық көмегіне қыруар қаржы жұмсалған. Дамумед ақпараттық жүйесін пайдаланушы емдеу мекемелерінің шикілігі шығып жатыр. Яғни қосымшаны қолданушылар туралы бұрмаланған мәлімет тіркеліп, сол бойынша ем-дом көрсетілді деп келтірілген.
«Дамумед» медициналық ақпараттық жүйесі жұртшылықтың жүйкесін жұқартты. Тұрғындарды бармаған ауруханасына барды, қаралмаған дәрігеріне қаралды қып порталына тіркеп қойыпты. Бұл бер жағы. Бұдан да сорақысы бар.
Желідегі пікірлер:
«Құрметті Дамумед және айти мамандары. Өтініш менің жүйемнен өзгенің баласын алып тастаңызшы. Мен нәрестені енді күтіп отырмын.»
«Осы «Дамумед» арқылы ешбір дәрігерге жазыла алмадым. Ақыры ақылы қаралып жүрдім. Сөйтсем, бұл шырақтарым бізді сыртымыздан «емдеп», сол үшін бюджеттен ақша алып келіпті ғой. Айттым ғой, мына коронавирус әлі талай былықтың бетін ашады. Дәніккеннен құныққан жаман демекші, дәрігерлер науқасты түнгі 2-ге «жазған» қабылдауға. Не жыларыңды, не күлеріңді білмейсің.»
Әлеуметтік желіде мұндай көңіл толмаушылықтан көз сүрінеді. Бәрінің уәжі ұқсас. Бірақ құр байбалам емес, ақиқат. Мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бақылау жүргізген. Биыл жарты жылда 11 мың 600-ден астам адамға медициналық көмек көрсетілді деп жүйеге енгізіліпті. Әйтсе де олай болмай шықты.
Бағдат Қожахметов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі:
«2020 жылдың алғашқы 6 айында осынша жалған ақпарат анықталды. Анықталған жалған ақпарат бойынша емдеу мекемелері қорға 75 млн теңге айыппұл төледеі. Ал қазір тексеріс өткізіп жатыр. Осындай әрекеттер қайталанбас үшін неше түрлі кедергілер келтіріп жатыр»
Дамумедтің директоры мұның бәрін жоққа шығармады. Бірақ бұл ақпараттық жүйенің емес, керісінше емдеу мекемелерінің кінәсі деп отыр.
Наталья Киль, «Дамумед» компаниясының бас директоры:
«Кей емделушілер қосымшадағы мәліметтің сәйкес еместігін айтады. Біз шағым түскен емхана мен емделушіні байланыстырып, мәселені реттеп жатырмыз. Қабылдауда болған-болмағанын анықтап береміз. Мұның бәрін денсаулық сақтау басқармалары көріп отыр. Ал түйткілді талдау, зерттеу, шара қолдану біздің міндетімізге кірмейді. Бірақ у-шу көбейген соң тәулік бойғы колл орталықты іске қостық.»
Бас прокуратура «Дамумед» жүйесіне тексеріс жүргізеді. Президент көмекшісі Әсет Исекешев тапсырма берді. Ақпарат бұрмаланғаны анық болса жауаптылар жазасыз қалмайды.
Нысаналы Ығыл