Өткен бір тәулікте коронавирустан мыңға жуық адам жазылып шықты. Сөйтіп, жалпы ауруынан айыққандар саны 71 мыңнан асты. Дегенмен, жұқтыру көрсеткіші әлі азаяр емес, бір күнде 907 адамнан COVID-19 анықталса, коронавирустық белгілері бар пневмонияны 1102 адам жұқтырған. Осылайша, қауіпті вирусты жұқтырғандардың жалпы саны 110 мыңға жуықтады. Өкінішке қарай, вирус пен вирусты пневмониядан қайтыс болғандар 1350-ден асты.
Айта өтейік, еліміз 1 тамыздан бастап коронавирус пен пневмония статистикасын біріктіргенімен, ішінара екеуін бәрібір бөлек есептеп келеді. Яғни, COVID-19 және коронавирустық белгілері бар пневмония деп сұрыптайды.
Ал, бүгін Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы еліміздегі коронавирус бойынша деректерді біріктіріп, ортақ есепті жариялады. Ұйымның сайтында коронавирус инфекциясы және коронавирустың клиникалық белгілері бар, бірақ, ПТР тестілеу анықтамаған пневмония жағдайлары бір статистикамен көрсеткен.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері біздің есептеуге қалай әсер етпек, бұдан былай елдегі статистика қалай жүргізіледі деген сауалдармен Денсаулық сақтау министрлігіне хабарласқан едік. Алайда, ондағылар бұл сұрақтарды жауапсыз қалдырып, осы мәселе бойынша дүйсенбі күні арнайы брифинг өткізетінін жеткізді.