Сардоба су қоймасындағы апаттан зардап шеккендер өтемақы алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сардоба су қоймасындағы апаттан зардап шеккендер өтемақы алды

09.08.2020

Сардоба су қоймасындағы апаттан – еккен егін, баққан малынан айрылған шаруалар өтемақы алды. Ал, Өргебас ауылының тұрғындары өз үйлерін өздері салып жатыр. Мемлекет құрылыс үшін қаржы берді.

Көктемде көл-дария болып жатқан көшелер бүгін құп- құрғақ. Әр жерде су жайпаған үйлердің үйіндісі болмаса, тасқынның ізі де қалмаған.

Ал ауыл тұрғындары құрылыстан бас көтере алмай жүр. Бұл бейнетті өздері таңдап алды. Биліктің жаңа ауданға көшіңдер дегеніне көнбеді. Өсіп-өнген Өргебасты тастамаймыз. Қаржысын берсеңдер, өз жыртығымызды өзіміз жамаймыз,- деді ауылдың үлкендері. Сондықтан әр үйдің құрылысына 17 млн теңге бөлінген. Оны 4 бөліп алады.

Сәрсенбай Тынышбек, Өргебас ауданының тұрғыны

Құдай қаласа мына үйдің төбесін жапса, олар да 4 млн 250 мыңын алады. Ішкі әрлеуіне,полдауға дегендей. Мемлекетімізге,президентімізге ризамыз!

Ал Әбутаевтар әулеті бүгін-ертең жаңа үйге қоныстанады. Ағайын арасында татулық пен ауызбірлік болса керек, еңселі үйді екі айда салып бітіріп, ауылдастарынан озды.

 Сейітжан Әбутаев, Өргебас ауданының тұрғыны

Ұсталарым өзімнің туыстарым, ағам бар, мен бар, қарашаңырақ болған соң, жабылып, бар-күшімізді салып бітірдік.

Осылайша Өргебаста 115 үйдің қабырғасы қаланды.72-нің шатыры жабылды. 41 үй екінші транш алуға құжаттарын енді өткізген. Ал ескі жатақхананы паналап келген 9 отбасы Мырзакент түбіндегі жаңа ықшам ауданнан үй алады. Ескі қоныста қалғандардың ауылға кәріз жүйесі мен газ кірсе деген тілегі бар .


Хабарламаларға жазылу