Еліміздің Қызыл кітабына енгізілген өсімдікті талғажау етпек болған әйелді Глубокое аудандық соты осындай жазаға тартты.
Светлана Колесникованы Табиғатты қорғау полициясы былтыр орманда жабайы пияз жинап жүрген жерінен ұстап алыпты.
Оның қол дорбасынан ерекше қорғалатын өсімдіктің 991 сабағы табылған.
Осылайша, 60 жастағы әйел бір жылға бас бостандығынан шартты түрде шектеліп, 866 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуі тиіс, деген сот үкімі шыққан.
Бар-жоғы 32 мың теңге зейнетақы алатын Светлана Колесникова бұл соманы 5 жылда төлеп бітеді екен. Ол апелляциялық сотқа шағымданып, айыппұл мөлшерін азайтуды өтініпті.
Светлана Колесникова, Черемшанка ауылының тұрғыны:
Мен бұл өсімдіктің Қызыл кітапқа енгенін білмедім. Орманға үйге азық-түлік жинау үшін барған болатынмын. Бұл пиязды ауылда да, қалада да сататындар көп. Тәртіп сақшыларының тек маған ғана шүйлігіп қалғанын түсінбедім.
Бердіғали Қасенов, Глубокое аудандық сотының төрағасы:
Аудандық соттың шығарған үкімі заңды деп ойлаймын. Бұл үкім облыстық апелляциялық сотта қаралып, күшінде қалдырылды.