«Болашақ» бағдарламасымен оқитын студенттердің оқу ақысы 10-нан 50 пайызға дейін арзандап жатыр. Оқудың онлайн форматқа өтуіне байланысты қазақстандық тарап шетелдік университеттермен келіссөздер жүргізіп жатыр. Алдағы семестрде 637 стипендия иегері оқуын жалғастырады. Қазіргі күні жартысының оқу ақысы арзандады. Қалғандарының да төлемақысын төмендету мәселесі пысықталып жатыр. Бұдан бөлек, «болашақтықтар» шетелде емес, елде отырып оқитын болғандықтан, шәкіртақылары да қазақстандық норматив бойынша төленеді. Яғни, 700 мыңның орнына 280 мың теңге беріледі.
Айнұр Кәрібозова, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Президенті:
Оқу ақысын барынша төмендету мәселесін пысықтадық. Тиісті келіссөздер жүргізілді. Соның нәтижесінде 343 стипендият білім алып жатқан 25 оқу орнынан біз 10-нан 50 пайызға дейін тиісті төмендету мүмкіндігіне қол жеткіздік.
Әсима Нұрбайқызы