Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті курорт құрылысына жұмсалған барлық қаражатты тексеріп шыққан. Тиісті аудиторлық шаралар қорытындысына сәйкес заңнаманы бұзудың бірнеше фактісі әшкереленді. Қазір материалдар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қалалық департаментіне процессуалдық шешім қабылдау үшін жіберілді. Естеріңізге сала кетсек, 2019 жылдың 3 сәуірінде Іле Алатауы ұлттық паркі аумағындағы 5 жер учаскесі жалға беру үшін тендерге қойылғаны белгілі болды. Бұл жобаға қоғам тарапынан наразылық туындап, кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Көкжайлау» тау шаңғысы курорты жобасымен айналысуға тыйым салған еді.
Қуан Нұрақын