Биыл Ақмола облысында киіктер саны көбейген. Ақбөкендер екі-үшеуден төлдеп, популяциясын үлкейткен. Оның бір себебі – киелі жануарларды қорғау шаралары күшейтілді, заңсыз аң аулауға қатысты қолданылатын шара қатаңдатылды. Тілшіміз Фариза Мұсақызы Қорғалжын табиғи қорығына барып, браконьерлермен күрес жұмыстарының барысымен танысып келді.
Ақбөкендерді атқандар 12 жылға сотталады. Заң күшейді. «Дегенмен, киелі жануарды аулайтындар əлі де ештеңеден қаймығар емес», - дейді инспектор.
Айдос Қазидің жұмысқа кіріскеніне биыл 1 жыл. Осы уақытта жас қорықшы қылмыстық істің жолын кесіп, браконьерлерді ұстаған. Ол үшін инспекторларды ынталандыру жағы қарастырылған. 150 процент көлемінде үстемақы төленеді.
Айдос Қази, «Охотзоопром» мемлекеттік мекемесі Ақмола бөлімшесінің инспекторы:
- Автокөлігіміз бар, өмірімізді қорғау үшін қару беріледі. Енді бізге əлі де жұмыс істеу үшін əуеден бақылайтын дрон қажет.
Қажетті құрылғы болса, қылмыскерлерді құрықтау қиын болмас еді. Бірақ браконьерлер аңшылыққа ел ұйқыға кеткенде шығуға көшкен. Жалпы, жыл басынан бері елде ұсталған браконьерлерден 256 тұтас ет пен 1245 киіктің мүйізі тəркіленіпті.
Айбек Əліпбай, «Охотзоопром» Орталық аймақтық өңірлік филиалы басшысының міндетін атқарушы:
- Қара базарда киіктің мүйізінің 2-3 мың доллар, ал Қытайда 5-7 мың доллар дейді. Тіпті Шекарадан үгітіп-үгітіп алып өтеді екен.
Саладағы тағы бір өзекті мəселе - маман тапшылығы. 700 мың гектар жерді штаттағы 45 адам ғана қарайды. Бұрын қорықшылыққа кез келген адамды алса, бүгінде оларға білімі мамандыққа сай болуы керек деген талап қойылып отыр.
Фариза Мұсақызы