Алматыда «Еңбек» бағдарламасы арқылы 13 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «Еңбек» бағдарламасы арқылы 13 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты

24.08.2020

Алматыда жыл басынан бері 13 мыңнан астам адам «Еңбек» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасқан. Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы тұрғындар қоғамдық, əлеуметтік жəне жастар іс-тəжірибесі бойынша қызметке шақыртылуда. Көпке шарапаты тиген жоба арқылы уақытша жұмысқа орналасуға да мүмкіндік бар.

Игі бастаманың игілігін көргендердің бірі – Гүлсім Айтқазина. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін ұзақ уақыт бойы талай мекеменің табалдырығын тоздырған жас маман Жұмыспен қамту орталығына құжаттарын тапсырып, көп ұзамай мүгедектер қоғамдық қорына тұрақты қызметке орналасқан.

Гүлсім Айтқазина, қала тұрғыны:

- Жұмыс істеп жатқаныма біраз болды. Жұмысым өзіме ұнайды. 

Жұмыспен қамту орталығы арқылы тағдырдың тауқіметін көрген жарымжандар да екі қолға бір күрек тауып жатыр. Солардың бірі – І топтағы мүгедек Гүлжан Қажынова өзі сияқты тағдырластарына арналған орталыққа «Еңбек» бағдарламасы арқылы əкімші боп жұмысқа тұрған.

Гүлжан Қажынова, І топтағы мүгедек:

- Осы жерге келіп, ең алғашқы жалақымды алдым. 

Елде карантин жарияланып, көптеген кəсіпорындар жабылғанда Жұмыспен қамту орталығына жүгінгендер едəуір көбейген. Мəселен, өткен жылы қоғамдық жұмысқа 4 мыңға жуық адам қатысса, соңғы 7 айда бұл көрсеткіш шамамен 3 есеге артқан. Ал əлеуметтік жұмыспен мыңнан астам адам қамтылған. Мамандардың айтуынша, уақытша қызметтегілердің көбі 1 жылдан кейін тұрақты жұмысқа орналасып жатады.

Гауһар Əуелова, Халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы:

- Жұмыс берушілер көбіне аула тазалаушы, тауар жеткізуші сынды мамандықтарды сұрап жатады. Біз сондай адамдарды қоғамдық жұмыс орнына жібереміз.

Аталған бағдарлама арқылы қоғамдық жұмысқа орналасқандарға мемлекет тарапынан 85 мың теңге жалақы төленеді. Ал əлеуметтік қызметкерлерге жұмыс беруші ұсынған айлықтың 35 пайызын мемлекет аударады. Ал жастар іс-тəжірибесі бойынша 69 450 теңге жалақы тағайындалған. Айта кетейік, жұмысқа орналасамын дегендерге қазір 26 мың бос жұмыс орны бар. Оның 18 мыңға жуығы қоғамдық, 4 мыңнан астамы əлеуметтік жұмыс жəне жастар іс-тəжірибесі бойынша шамамен 4 мың орын ұсынылып отыр.

Нұрхан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу