Енді жемқорлар шартты түрде мерзімінен бұрын босатылмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Енді жемқорлар шартты түрде мерзімінен бұрын босатылмайды

26.08.2020

Соңғы 3 жылда жемқорлық əрекеті үшін істі болған 100-ден аса адам шартты түрде босап шықты. Биылдың өзінде ондайлардың саны 30-ға жуықтаған. Бірақ енді парақорлар мерзімінен бұрын босатылмайды. Президент пəрмені солай. Заңға өзгерту енгізілсе, еселеп айыппұл төлеп, түрмеден сытылып кететіндердің жазасы қаншалықты ауырлайды? Биыл жемқорлықпен қанша адам істі болды? Ақерке Бектас тарқатады.

Шартты түрде мерзімінен бұрын босату Қылмыстық кодекстің 72-бабымен реттеледі. Парақор жазаның белгілі бір бөлігін өтеген соң, сот толық өтеуді қажетсіз деп тапса, бостандыққа шығатын. Енді Президент бұған заңмен тыйым салуды міндеттеді.

Марат Бəшімов, заңгер, ҚР Президенті жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

- Шетелде біздегі секілді УДО деген жоқ. Бізде ғана сондай Кеңес үкіметінен келе жатқан нəрсе бар. Парақорлықпен айналыстың ба, барлық мүлігіңді тартып алады. Біз де соған келе жатырмыз.

Статистикаға сүйенсек шартты түрде бостандыққа шыққандар жыл сайын артып отыр. Мəселен, 2017 жылдан бері жемқорлыққа барған 111 лауазымды азамат шартты түрде босаған. Үш жыл бұрын небары 7 адам болса, былтыр – 30, биыл – 27 адам түрмеден ерте шықты. Жазасын толық өтемеген экс-шенеуніктер қатарында Қуандық Бишімбаев, Анар Мешімбаева, Қажымұрат Үсенов пен Ахмедбек Ахметжановтар бар.

Перизат Сəдуақас, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департамент директорының орынбасары:

- Президенттің аталған тапсырмасын іске асыру бойынша агенттік өзінің тиісті ұсыныстарын мүдделі мемлекеттік органдарға жолдайды. Жəне ол жұмыс агенттіктің заң шығару жұмысы аясында іске асырылады.

Бірақ судьялардың айтуынша, жымқырған қаражатты еселеп қайтарып, түрмеден сытылып кететіндерге бұл заңның қатысы жоқ. Яғни, оларға қойылған талап өзгеріссіз.

Мұрат Солтыбаев, Нұр-Сұлтан қалалық сотының судьясы:

- Егер айыппұлды толық төлеп, сот үкімімен берген айыппұлды төлесе, онда шартты жазаға ешқандай қатысы жоқ, өзінше бөлек жаза. Айыппұл параның сомасының еселенген мөлшерінде салынады. 30-дан басталып, 80 еселенгенге дейін баруы мүмкін. Жымқырған қаражаттың мөлшеріне байланысты.

Айта кетейік, сыбайластықпен сотты болғандар жеті айда 140 адамға жеткен. Бұған дейін «қарамағындағы қызметкері жемқорлыққа барса, басшысы отставкаға кетуі керек» жаңа норма енгізілген еді. Ал ендігі өзгерістің қалай жəне қашан жүзеге асатынына қатысты Бас прокуратура əзірге нақты жауап бере алмады.

Ақерке Бектас

Хабарламаларға жазылу