«Ауыл» партиясы ауыл шаруашылығындағы мəселелерді қоғамдық ұйымдармен бірлесіп шешпек. «Қазақстан фермерлері қауымдастығымен» тиісті меморандумға қол қойылды. Субсидия, лизинг, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы мəселелерін үкіметтік деңгейде көтеру жоспарланған. Əсіресе, ұсақ шаруашылықтарға қолдау көрсету арқылы мемлекет ұсынған мүмкіндіктерге қол жетімділікті арттырмақшы. «Осылайша азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз», - дейді мамандар.
Əли Бектаев, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы:
- Ауыл шаруашылығы кооперациясы жөнінде заң қабылданған. Ондай заң бар. Заңның қабылданғанына 3 жыл болды. Бірақ сол заң бүгінгі таңда жұмыс істемейді. Оны іске асырудың механизмдері мен тетіктерін жергілікті жерлерде көп əлі біле бермейді. Кооперация мəселесіне көңіл бөлетін уақыт жетті.
Атаулы əлеуметтік көмек тағайындайтын комиссия құрамына үкіметтік емес ұйым мен саяси партия өкілдері кіруі тиіс. Алматыда бас қосқан Қазақстан комунистік халық партиясының өкілдері осылай деді. Айтуларынша, атаулы əлеуметтік көмекті шын мұқтаждар ала алмай отыр. Сондықтан тұрғындардың күнкөріс деңгейін есептегенде кірісімен қоса шығынын да есептеу керек. Ал қоғамдық тыңдауға онлайн қатысқан аз қамтылған отбасы өкілдері əлеуметтік көмек тағайындауда мүгедектікке берілетін жəрдемақы табыс көзі болып саналғаны дұрыс емес деген пікірін жеткізді.
Оңғар Алпысбайұлы