Ұстаздар кезекші сыныптардағы жұмысы үшін қосымша жалақы алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұстаздар кезекші сыныптардағы жұмысы үшін қосымша жалақы алады

27.08.2020

Ұстаздан коронавирус анықталса, мектеп жабылады. Бүгін елдің бас мұғалімі мен бас санитар дəрігері оқу жылына дайындық барысын баяндады.

Жалпы, балалардың 80 пайызы сабақты қашықтан бастайды. Ал кезекші сыныптарда оқитындар талапты қатаң сақтауы тиіс.

Биыл бетпердесіз мектепке беттеу мүмкін емес. Тіпті, форма да маңызды болмай қалды. Сұралатыны – сақтық қана. Сондықтан сапырылыспай, бастауыш сыныпқа ғана рұқсат берілді. Оның өзінде ата- ананың қалауымен.

Сонымен, оқушылардың 80 пайызы сабақты қашықтан бастайды. Тағы 15%-ы кезекші сыныптарға барады. Ал шағын ауылдарда (5%) білім өзгеріссіз беріледі.

Онлайн оқыту машығын мұғалімдер алдын ала меңгеріп жатыр. 323 мың педагог ІТ курстан өтті. Сақтық үшін бір сыныптың оқушылары екіге бөлініп оқиды. Демек, ұстаз да тиісінше сабақты екі мəрте өтуі керек. Бірақ, еңбегі елеусіз қалмайды. Қосымша сағаттарына ақы төленеді. Ал мүмкіндігі, уақыты бар мұғалімдер кезекші топта да, қашықтан да сабақ бере алады.

Асхат Аймағамбетов ҚР Білім жəне ғылым министрі:

- Мысалы жарты сыныбы кезекші сыныпта, жарты сыныбы қашықта оқыса, онда сол мұғалім жүргізетін болады. Егер ондай мүмкіндігі болмаса, басқа мұғалімдер де осы жұмысты жүргізуге болады.

Егер мектепте оқушыдан инфекция табылса, оқшауланады. Ал əр сыныпта сабақ беретін мұғалімнен анықталса, онда тұтас мектеп жабылады. Ұстаздарға жұқтырғаны үшін өтемақы қаралмаған. Қауіпті топқа жататын жүкті əйелдер, жасы 65-тен асқандар мен созылмалы ауруы бар мамандарға онлайн жұмыс істеуге мүмкіндік берілді.

Айжан Есмағамбетова, ҚР бас мемлекеттік санитарлық дəрігері:

- Егер сыныпта 1 оқушыдан КВИ анықталса, тексерістен өткізіледі. Сол сыныптың оқушылар мен мұғалімдері, тығыз қарым-қатынаста болғандар оқшауланады, тексеріледі. Ал əр сыныпта сабақ берген мұғалімдерден анықталса, аурудың əрі қарай таралмауы үшін толық мектеп жабылуы мүмкін.

Қашықтан оқытуды дəстүрлі оқумен салыстыруға келмейді. Дегенмен, онлайн болса да оқушылардың сабаққа қатысуы, белсенділігі, үлгерімі, бəріне мəн беріледі. Тек айырмашылығы - үй тапсырмасы болмайды.

Асима Нұрбайқызы, тілші: 

- Сабақ өту ұзақтығы 40 минуттан кем болмауы тиіс. Əйтпесе, кей мектептер 1 сағаттың ішінде 3 пəнді өткізіп тастауды жоспарлаған. Сақтық деп сапаны ақсатып алған дұрыс емес. Министр мұғалімдерге осыны ескертті.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу