ШҚО-да мұғалімдердің Тамыз конференциясы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да мұғалімдердің Тамыз конференциясы өтті

27.08.2020

«Білім және ғылым: жаңа оқу жылының ерекшеліктері». Бүгін Шығыс Қазақстан облысында осындай атаумен мүғалімдердің тамыз кеңесі өтті. Дәстүрлі шара онлайн режимде ұйымдастырылып, әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде көрсетілді. 

 Шығыс Қазақстанда 647 мектеп бар. Биыл олардың 42,3 проценті жоғарғы сынып оқушыларын онлайн оқытады. Ал қалғаны, негізінен шалғай ауылдардағы шағын мектептер жаңа оқу маусымын штаттық режимде бастайды. Барлық мектептерде санитарлық нормаларға ерекше көңіл бөлінген.

Мехмет Желал Жан, «Нұрорда» мектеп-лицей директоры:

- Барлық оқушылардың дене қызуы тексеріліп, журналға тіркеледі, сосын олар сабаққа қатысады. Мектептің кіреберісінде, дәліздерде бетперде кию туралы, санитарлық нормаларға сай жүріп, қашықтық сақтау жөнінде белгілер дайындап, бәрін іліп қойдық.

Облыс әкімі Даниал Ахметовтың қатысуымен онлайн режимде өткен Тамыз кеңесінде білім саласының барлық тетіктері талқыланды. Ұстаздардың біліктілігін арттыру, білім саласын цифрландыру, онлайн оқитын оқушыларды компьютермен қамту, интернеттің жылдамдығын арттыру және басқа да бағыттар бойынша жұмыстар ортаға салынды. 

Сайрангүл Жұмаділова, облыстық Білім басқармасының басшысы:

- 52 ауылда интернеттің жылдамдығы 4 мегабиттен жоғары болады. 1 қыркүйекке дейін ол жұмыс бітеді. Бұл үшін облыстық бюджеттен 13,6 млн теңге қарастырылды.

Биыл Шығыс Қазақстанда жаңадан 3 мектеп, 5 балабақша ашылады. Ал 423 білім мекемесінде жөндеу жұмыстары жүргізілді. 

Гүлзиқан Сауырбаева, Зәки Ахметов атындағы № 16 орта мектеп директоры:

- Биыл Жол картасы бойынша мектебімізде 3 лот бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мектебіміздің барлық терезелері ауыстырылып, еден және санитарлық бөлмелерге жөндеу жұмысстары жүргізілді. 

Жазғы демалыс кезінде мұғалімдер де жаңа форматта білім беруге дайындалды. Онлайн курстарға қатысып цифрлық платформаларды қолдануды меңгерген. Бұдан бөлек, педагогтарға көмек ретінде 1200 сабақтан тұратын цифрлық білім контенті әзірленді.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу