Семейде газ қондырғыларын өндіру зауытындағы өрт сөндірілді. Қызыл жалын кеше түскі уақытта зауыттың газ плиталарын шығарумен айналысатын цехынан шыққан.
Өрт цехтағы битум, қабырғалардың жылыту материалдары мен ағаш есік-терезелерін шарпыған. Жалпы, өрт аумағы 1 500 шаршы метрді құрайды.
Мұнымен қоса, жалын көрші өндіріс ғимаратына тарап, 60 шаршы метр аумақтағы пластик шикізаты өртенген. Зардап шеккендер жоқ.
Айта кету керек, газ қондырғыларын өндіру зауыты бүгінде тоқтап тұр. Ғимарат цехтары бос. Өртті сөндіруге 15 техника бірлігі мен өрт сөндіру қызметі жеке құрамының 64 қызметкері жұмылдырылды.
Қазіргі таңда өрттің шығу себептері мен келтірілген материалдық шығын мөлшері анықталуда.