«Nur Otan» партиясы Саяси кеңесі бюросының отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Nur Otan» партиясы Саяси кеңесі бюросының отырысы өтті

28.08.2020

Праймериз - бәсекелестік негізде өтуі тиіс. Ел ішіндегі жағдайды терең білетін әрі істің адамдарды іріктелуі керек. Бүгін «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесі бюросының отырысында Елбасы осыны тағы ескертті. Жиында «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты жүйелі жаңғырту бағдарламасы да талқыланды. 

Праймеризге қоғамның белсенділігі жоғары. Демек елдегі саяси өмірге көпшіліктің бетбұрысы байқалады. Сондықтан Елбасы мемлекеттік мәселелерден шет қалмай, ашық пікірталасқа жағдай туғызу керектігін баса айтты. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Праймериздің міндеті – халықтық партиялық тізімдерді қалыптастыру, қоғам қолдауына ие, нақты жағдайды білетін беделді көшбасшыларды, белсенді адамдарды бәсекелестік негізінде іріктеу.

«Ауруын жасырған өледі». Жергілікті жердегі өзекті мәселелерді көмескілемей, ашып айтқан жөн. Партия төрағасы праймериз қатысушыларынан осыны талап етті. Әрі түйткілді тез тарқатуды тапсырды.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Біз өз өңірін және елімізді дамытуға дайын азаматтар үшін «әлеуметтік лифт» қалыптастырдық. Қыркүйек айында жергілікті бағдарламалардың барлық 216 жобасы жарияланады. Кең көлемдегі талқылаулар біздің электоралдық міндеттерімізді халықтың сұраныстарымен және қажеттіліктерімен сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Бесжылдық мерзімге арналған бағдарламалар жұртшылықтың пікірін ескере отырып жетілдіріледі, әр ауданның, қаланың және облыстың бюджеттік мүмкіндіктерімен байланыстырылады.

Елбасы партияішілік іріктеудің кезекті кезеңдерін сапалы ұйымдастыру керектігін де ескертті.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Праймериз барлық қатысушылар үшін әділ, ашық және тең жағдайда ұйымдастырылуы керек. Партияның ішкі үгіт-насихаты қыркүйекте басталады. Коронавирус індеті жағдайын ескере отырып, оны Денсаулық сақтау министрлігінің ұсыныстарына сәйкес орындау керек. Барынша қауіпсіздік шараларын қабылдау қажет. Ең бастысы – азаматтардың денсаулығы.

Партия қоғамның бел ортасында болып, ел мүддесі жолындағы міндетінен жаңылмауы керек. Белсенді азаматтардың басын қосып, тұрақтылық пен тыныштық жолында бірлесе жүріп тірлік еткенде ғана береке болмақ. Жиынды қорытындылаған партия төрағасы елді осыған үндеді. 

Нысаналы Ығыл

Хабарламаларға жазылу