Алматыда алғаш рет көпбалалы аналардың қолынан шыққан бұйымдар сатылатын дүкен ашылды. Ісмер аналар енді туындыларын қайда өткіземін деп алаңдамайды. Айта кетейік, олар «Бақытты отбасы» орталығынан түрлі кәсіпті меңгерген. Ал дүкен ғимаратын жомарт жандар батыр аналарға тегін алып берді.
«Isker ana» дүкенінде ұлттық киімдер, құрақ көрпе, түрлі әшекейлер мен өзге де қолөнер бұйымдары қолжетімді бағада сатылады. Мұнда екі сатушы және екі тігінші жұмыс істейді. Олар да көпбалалы аналар. Дүкен ашылған күннен-ақ келушілер көбейіп, тапсырыстар түсіп үлгерген.
Ермек Бейсеуов, Түркісіб ауданы әкімінің орынбасары:
- Киімнен басқа жиһаз да жасайды. Сандықтар да жасайды. Қыздың жасауы бар. Тек қана дәстүрлі ғана киімдер емес, заманауи киімдерді де тігеміз. Көпбалалы, жалғызбасты аналарға үлкен көмек деп ойлаймын.
Дүкенге қойылған қолөнер туындылары «Бақытты отбасы» жобасы жанынан ашылған өндіріс орталығында жасалады. Көпбалалы аналар алдымен осында келіп, түрлі кәсіпті үйренеді.
Ардақ Шынтемірова, «Бақытты отбасы» орталығының жетекшісі:
- Аналарымыз осында келіп үйреніп отыр.
Көпбалалы ана Айнагүл Әлімбекова «Бақытты отбасы» орталығына жуырда ғана келген. Бұрын тігіншілікпен айналысқан батыр ана өз білгенін өзгелерге үйретіп жүр. Тіпті жарамсыз боп қалған киімдерді де пайдаға жаратып, түрлі туындылар жасайды.
Айнагүл Әлімбекова, көпбалалы ана:
- Мен үйреткенді жақсы көремін. Дүкеннің ашылғаны - зор қуаныш бізге.
Айта кетейік, Түркісіб ауданында қазір 2600-ден аса көпбалалы ана бар. 500-ге жуығы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері. Сондықтан алдағы уақытта оларды жұмыспен қамту үшін игі істің ауқымын кеңейту жоспарланып отыр.
Нұрхан Нұрланұлы