Мажарстанда киіз басу, алаша тоқу сынды қазақтың қолөнерін үйрететін ұлттық мектеп бар. Кәсіптік-техникалық білім беретін оқу ордасы қазақстандық әріптестерімен ынтымақты арттыруға ниетті. «Ата-баба мұрасын терең зерттеп, өскелең ұрпаққа жеткізу үшін бауырлас-қазақтардан үйренеріміз мол»,-дейді мектеп ұжымы. Елдің Надудвар қаласында орналасқан білім ордасында тілшіміз Нұрсұлу Қасым болып қайтты.
Надудвардағы ұлттық қолөнер мектебінің ашылғанына биыл - 28 жыл. Білім ордасының іргетасын қалап әрі ұмытылып бара жатқан төл өнерді қайта жаңғыртқан Михай Ветро. Киіз басудың қыр-сырын меңгеру үшін ол алдымен Қазақстан, сонан соң Орталық Азия елдерін біраз аралапты. Қазір сол көрген-білгенін шәкірттеріне үйретіп жүр.
Михай Ветро, мектептің негізін қалаушы, киіз басу өнерінің шебері:
- 80-90-жылдары Мажарстанда жастар төл өнерді ұмыта бастады. Қолөнер бұйымдарын тек егде жастағы кісілер өздерінің шағын цехтарында жасап жатты. Осыған алаңдап, біз мектеп ашып, барлығын бір жерге ұйымдастырдық. Бүгінге дейін киіз басу бөлімінен 120 шәкірт түлеттім.
Река - Михайдың ең алғашқы шәкірттерінің бірі. Текемет басу технологиясын игеріп, артынша осында мұғалім болып жұмысқа орналасқан. Көне мен жаңаның үндестігін жете меңгерген маман қазір осы мектептің директоры.
Река Бенү-Надь, ұлттық қолөнер мектебінің директоры:
- Мен 13 жасымнан бастап осы мектепке келіп, тоқымашылық өнерді, киіз басуды үйрендім. Жүннен бұйымдар жасап, киіз басу жанымды рахатқа бөлейді. Мектеп ашылғанда қалалық әкімдік көп көмектескен. 2016 жылдан бастап білім министрлігінің құзырындамыз. Яғни, бізді толықтай үкімет қаржыландырып, қолдап отыр.
Мектепке балғындар 14 жастан бастап қабылданады. 5 жылдық күндізгі бөлімнен бөлек мұнда ересектерге арналған кешкі бөлім де бар. Оқу тегін.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
- Мектепте жастар тері, былғарыдан түрлі бұйымдар жасауға да машықтанады. Мына түлкі тымақты тіккен солар. Ежелгі мажарлар торсыққа негізінен су мен қымыз құйған болса, қазіргі күні мұндай торсыққа жүзім шырынын ұзақ сақтау үшін тапсырыс береді екен. Ал мына сөмкені жастар 1-2 күннің ішінде тіккен. Қарап отырсаңыз мажарлардың ою-өрнегі де қазақтың қошқармүйізіне қатты ұқсайды.
Теріден, ағаштан жасалған түрлі бұйымдар, қыш құмыралар алыстан-ақ көздің жауын алады. Мектеп басшылығы оны сатып, пайда табудан гөрі, жастарға сапалы білім беруді мақсат етеді. Шәкірттерінің бойына киелі өнерді дарыту үшін мажарлар қазақстандық қолөнер шеберлерінен дәріс алып, өнер ордаларымен тәжірибе алмасуға құлшынып отыр.
Нұрсұлу Қасым