Әлемде коронавирус жұқтырғандардың саны 25 миллионнан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде коронавирус жұқтырғандардың саны 25 миллионнан асты

31.08.2020

Әлемде коронавирус жұқтырғандардың саны 25 миллионнан асты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, бұл жыл сайынғы тұмау жұқтыру оқиғаларынан 5 есе көп. Қауіпті көшті, әдеттегідей, АҚШ пен Бразилия бастап тұр. Ал Үндістанда ең көп тәуліктік науқастар саны тіркелді. 

Үндістан бір тәулікте коронавирус жұқтырғандар саны бойынша рекорд орнатты. Күні кеше 79 мыңға жуық адамның жұқпалы дертке шалдыққаны анықталды. Десе де Нью-Дели билігі бүгін метро желісін іске қосып, қыркүйекте спорттық және діни шараларға рұқсат беретінін мәлімдеді.

Манож Кумар, дәрігер: 

- Вирус ауылдық жерлерде көп тарап жатыр. Науқастар санының күрт өсуінің себебі осы. Олардың 75 пайызы инфекция өршіп тұрған 7 штаттың тұрғындары.

Коронавирус баланың ағзасында бірнеше апта бойы еш симптомсыз өмір сүруі мүмкін. Вашингтонда балалар ауруханасының бір топ дәрігері осындай мәлімдеме жасады. Зерттеулерге сәйкес, жеткіншектер өздері ауырмаса да, инфекцияны тасымалдап, таратуы әбден ықтимал.

Осы себептен де Испанияда ата-аналар балаларын мектепке жіберуге алаңдап отыр. 

Мариа, ата-ана: 

- Ата-аналар үшін бұл күрделі шешім. Мектептерде қауіпсіздік шараларының сақталуы екіталай. Биылғы оқу жылы толықтай сыныптарда өтетініне күмәнім бар.

Венгрия күздің алғашқы күнінен бастап шекарасын қайта жабады. Шетелден оралған ел азаматтары да карантинге алынбақ. Елде инфекция жұқтыру оқиғалары күрт көбейіп, өткен тәулікте 292 адамнан COVID-19 анықталды. 

Ал Мексика астанасында тұрғындар жаппай велосипед қолдануға көшті. Бұл - қоғамдық көлікте инфекция жұқтырып алмаудың амалы. Себебі науқастар саны күн сайын артып, 600 мыңға жуықтап қалды.

Умберто Гарсиа, дүкен иесі:

- Адамдар қоғамдық көлікпен жүруден бас тартып жатыр. Соңғы уақытта велосипедке деген сұраныс артып, сатылым үш есеге артты. Бұл қуантарлық жағдай.

Ресейде вирус жұқтыру оқиғалары тәулігіне 5 мың адамға дейін азайды. Жалпы науқастар саны 990 мыңнан асып, олардың 80 пайыздан астамы емделіп шықты.

Жансая Қапасқызы

Хабарламаларға жазылу