Қазақ Үкіметінің алғашқы премьер-министрі, мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Қарамановтың есімі туған жері - Арал ауданындағы мектепке берілді. Сондай ақ ,білім ошағының алдына арда азаматтың ескерткіш бюсті орнатылып, құрметіне музей ашылды.
Ұлт қайраткерінің есімі берілген мектеп - Аралдағы ең үлкен білім ошағы. Лицей 1200 орынға арналған. Мектеп облыстағы 46 инновациялық мектептердің қатарында.
Санира Жанназарова, Арал аудандық білім бөлімінің басшысы:
- Бұл мектеп-гимназия мемлекеттің «100 мектеп, 100 арухана» бағдарламасы аясында 2009 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі 1066 оқушы білім алып жатыр. Былтырғы оқу жылының қорытындысы бойынша Аралдық жас түлектер 83,46 пайыз мемлекеттік білім гранты иегерлері атанды.
Елінің өсіп-өркендеуіне бар ғұмырын арнаған Ұзақбай Қараманұлы лауазымы жоғары мемлекеттік қызметтерде болып, барлығын абыроймен атқарды. 1990 жылы Қазақ КСР-нің премьер-министрі болды. Құрылысшылар одағының негізін қалады. Мәжіліс депутаты болды.
Құдайберген Саржанов, мемлекет және қоғам қайраткері:
- Аралдағы Ұялыда оқып, бір ауыз орысша білмейтін қазақтың баласы екінші, үшінші курста өзі диктант жазатын, шығарма жазатын, ешкімнен қалыспай сөйлейтіндей дәрежеге жетті. Бұның барлығы - еңбектің арқасы. Таланттың арқасы.
Елі қастерлеген Ұзақбай Қарамановтың құрметіне музей ашылды. Онда Ұлт мұратын ғұмырына тірек еткен елағасының тұтынған заттары мен ол жайлы жазылған еңбектер жинақталған. Ал мектеп алдына орнатылған бюст сарабдал саясаткердің сабырлы да салмақты, ойлы бейнесін еске салады.
Тәжімұрат Жомартұлы