Алматыда тегін домбыра мектебі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда тегін домбыра мектебі ашылды

02.09.2020

Алматыда балаларға арналған тегін домбыра мектебі ашылды. Игілікті іске жергілікті кәсіпкерлер мұрындық болған. Олар 5 жыл бойы қараусыз қалған ескі ғимаратты жөндеп, қажетті бұйымдардың барлығын сатып алып берген. Ал өнер мектебінде Жұмыспен қамту орталығы арқылы жолдама алған ұстаздар еңбек етеді.  

Екі апта бұрын ашылған домбыра мектебіне келушілер күн сайын көбейіп жатыр. Қазірдің өзінде мұнда 200-ден астам бала жазылып үлгерген. Олар он адамнан бірнеше топқа бөлініп, күніне бір сағаттан нота бойынша домбыра үйренеді.

Иманғали Сансызбай, мектеп оқушысы:

- Көп рахметімізді айтамыз. Өйткені осындай кереметтей домбыра мектебі бүкіл Қазақстанда ашылса, смартфонға тәуелді балалар осында келіп жаттыға алады. 

Болашақ домбырашыларға Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттері мен түлектері сабақ береді. «Домбыра мектебі жеткіншектерді өнерге баулумен қатар, жас мамандардың дамуына сеп болады», - дейді олар.

Айдана Асанбаева, домбыра мектебінің директоры:

- Осындай домбыра мектебі ауданымызда, қаламызда, республикада жан жақты дамыса, қаншама түлек бітіреді бір жылда. Осындай тегін ашып қойса, жас мамандар келіп жұмыс жасайды. 

Бауыржан Бірбаев, Жетісу ауданы әкімінің орынбасары:

- Бүкіл Алматыда осындай ерекше бір жоба болғандықтан, егер сұраныс көп болып жатса, әрине мемлекеттік ғимараттардың ішінен осындай мектеп ашуға тырысамыз.

Өнер орталығына келушілердің жеке домбырасы болуы керек. Дегенмен, талантты ұл-қыздардың оны сатып алуына мүмкіндігі болмаса, мектеп домбыраларын пайдалана алады.

Нұрхан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу