Диплом сатып, жалған білім берген 5 университет жабылды. Тағы 24-і тексеруден өтеді. Бүгін Үкімет үйінде Асхат Аймағамбетов сапасыз білім берген оқу орындарының былығын әшкерелеу жұмыстары жалғасатынын айтты. Сондай-ақ ата-аналар бала-бақшаны өзі таңдауға мүмкіндігі бар. Ол үшін ваучерлік механизм қолданылмақ. Яғни, бұрын баланың қайда баратынын мемлекет көрсетіп берсе, енді мекемені таңдау ата-ананың еркінде.
Президенттің әуелгі тапсырмасы - 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшалармен 100 пайыз қамту мәселесі. Министр мұны іске асырудың екі ерекшелігін атап өтті. Алғашқысы, мемлекеттік тапсырыс беру арқылы жекеменшік балабақшаның үлесін арттыруды жалғастыру, екінші ерекшелік ваучерлік тетік.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Яғни, ата-ана өзінің ваучерін алып, өзіне ұнаған, тиімді деген балабақшаны таңдайды. Қазіргі уақытта облыс не қаланың, ауданның білім бөлімдері, басқармалары конкурс өткізіп, қай балабақша мемлекет тапсырыс алатындығын анықтаса, енді ата-ана өзі таңдайды. Бұл ең алдымен бәсекелестікті арттырады.
Келер жылдан бастап, ұстаздардың жалақысы 25 пайызға артады. Бұдан бөлек, мұғалімдердің дәптер тексергені мен сынып жетекшілігі үшін берілетін үстемақы 2 есе көбейді. Ал қосымша білім беру ұйымдарының санын арттырып, үйірмелерді көбейтуге қатысты жоспарды министрлік мемлекеттік жеке әріптестік аясында іске асырмақ. Ауыл мен қаладағы білім беру жүйесін теңестіруде бір жылдың шаруасы емес. Көп аймақта ұстаздар жетіспейді, материалдық база сын көтермейді. Мұны реттеу үшін министр мынадай жоспарлар әзірлеген.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Еңбекақы төлеу механизмін өзгертеміз. Мобилді мұғалім, интернат салу, әдістемелік көмек, оқыту жұмыстары, жалпы иматериалдық техникалық қамту бойынша іс-шаралар қабылданатын болады.
Сапасыз оқу, жалған диплом, білімсіз студент. Талапқа сай емес оқу орындары біртіндеп жабыла бастады. Тексеріс нәтижесінде 35000-дай студент білім алған 5 университет жұмысын тоқтатты. 23 жоғары оқу орны 56 бағыт бойынша лицензиясын қайтарды.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Бұл жұмыстарды біз жалғастырамыз. Жылдың соңына дейін 24 жоғары оқу орны тексеріледі. Талапты күшейттік. Тексеріс жұмыстары жүріп жатыр.
Ал ғалымдарға қатысты тағлымдамадан өткізу, грант бөлуге қатысты сарапшылар мен тиісті мамандар бірлесе отырып арнайы жоспар әзірлеу үстінде.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
- Министр жаңа басылып шығатын кітаптар туралы да тоқталып өтті. Айтуынша, оқулықтар арнайы стандартқа сай бірнеше кезеңнен өтеді. Кітап шығару ережелері, форматы өзгерген. Сол себепті, бұрынғы қателіктер қайталанбауы тиіс. Қазіргі уақытта кітаптың жаңа парадигмасы дайын. Ал онлайн оқытудың жаңа платформасы бүгін-ертең құрылмайды. Себебі бұл жарты жылда бітетін шаруа емес. Сондықтан, әзірге қандай қиындық болмасын әр мектеп өзіне ыңғайлы жүйемен оқуға тура келеді.
Раушан Сайлауқызы