Таяу Шығыста коронавирустан қайтыс болғандар 50 мыңнан асты. Ал, Үндістан бұл инфекцияны жұқтырудан жақында Бразилияны басып озуы мүмкін. Индонезия шенеуніктері болса, COVID-тің қауіптілігін ескерту үшін көшеге табыт шығарды.
Индонезия астанасы Джакартада бір топ шенеунік табыт көтеріп қаланың қарбалас көшесінен жүріп өтті. Олар осылайша жергілікті тұрғындарға коронавирустан адамдардың өлетінін және қауіпті індеттің тарауын тоқтату қажеттігін ескертуді мақсат тұтыпты. «Табытпен ажалды еске салып, халықты қорқытуға, ағартуға болады. Әйтпесе, кейбіреулер COVID-19-дан төнген қатерді түсінбей, маска тағудан бас тартып жүр», - дейді шараны ұйымдастырушылар. Соңғы мәліметке қарағанда, Индонезияда коронавирусты 180 мыңнан астам адам жұқтырып, 7750-і қайтыс болған.
Рикки Мулиана, Джакартаның Чиландак ауданының өкілі:
- Әлі күнге дейін адамдардың көбі маска тағудың маңыздылығын білмейді. Табытты көрсе, олар мына індеттің қауіптілігін түсінетін шығар.
Таяу Шығыста коронавирустан қайтыс болғандар саны 50 мыңнан асты. Мұны Associated Press агенттігі есеп жүргізіп анықтады. Аймақта COVID-тан ең көп адам жоғалтқан ел – Иран. Мұнда одан 22 мыңға жуық адам жан тәсілім етті.
Ал Үндістан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде жұқпалы дертке шалдыққандар 3,9 миллионға жетіп отыр. Таяуда бұл мемлекет 4 миллиондай COVID оқиғасы тіркелген Бразилияны басып озып, АҚШ-тан кейінгі екінші орынға шығады деген болжам бар. Өткен тәуліктің өзінде Үндістанда жаңа вирус 83 мыңнан астам адамнан табылып, 1100-ге жуығы қайтыс болды.
Раджеш Бхушан, Денсаулық сақтау министрлігінің хатшысы:
- Күнделікті жұқтырушылар саны артып келеді. Біз халық саны бойынша әлемде екінші орында тұрмыз. Науқастардың көбеюі осыған байланысты да болу мүмкін.
Францияда оқу жылы басталысымен 60 мың мектептің 12-сі жабылып қалды. Бұған кейбір аудандарда эпидемяның қайта күшеюі себепші.
Ал материктік Қытайда соңғы тәулікте 25 адамнан ғана коронавирус табылды. Олардың барлығы – шетелден келгендер
Арыстан Рысбек