Шығысқазақстандық студенттер интернеттің баяу жылдамдығына шағымданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығысқазақстандық студенттер интернеттің баяу жылдамдығына шағымданды

04.09.2020

Әлсіз интернет әбігерге салды. Шығыс Қазақстандық студенттер мен оқушылар үшін онлайн оқу оңай болмай тұр. Шалғай ауылдарды айтпағанның өзінде қаланың іргесіндегі біраз елді мекенде интернет жоқ. Барының жылдамдығы төмен, шала-жансар күйде. Дәріс тыңдап, сабаққа қатысу үшін студенттер тау-тасты аралап кетуге мәжбүр.

500-ден астам тұрғыны бар Бестерек ауылы Өскемен қаласынан небәрі 45 шақырым жерде. Бірақ ауыл халқы әлі күнге дейін интернет игілігін көре алмай келеді. Қазір осы мәселе студенттер үшін ең өзекті болып тұр. 

Әсем Рахымова, 1-курс студенті:

- Ауылда мүлде желі ұстамайды, тіпті қоңырау шалудың өзі біз үшін қиындық тудырады. Тау-тасқа шығу керек, биік жаққа шығу керек, биікке шықсақ та, ұстамайды. Жалғыз мұнара көрші ауылда бар, оның өзі бізге әрең жетеді. Осылай кітап бәрін алып, тау-тасты аралап жүреміз.

Сергелдеңге түскен студенттердің бір бөлігі қаладан пәтер жалдап тұрып жатыр. Бірақ бұл артық шығын, көпшіліктің қалтасы көтере бермейді. Қай жерде жүрсе де, ата-ана баласының қауіпсіздігі үшін де алаңдайды. 

Әсем Сасанова, Бестерек ауылының тұрғыны:

- Білім алуға құштарлығы бар балалардың, болғаны соншалық міне балаларымыз тауда өрмелеп жүреді. Жалғыз жіберуге қорқамыз, балаларымызды. Тау-таста аяғы тайғанап, құлап кетуі мүмкін, сондықтан балаларымыздың артынан өзіміз де бірге өрмелеуге мәжбүр болып жүрміз.

Білім басқармасы мәселеден хабардар. Бұл үшін бюджеттен ақша да бөлініп, тиісті жұмыс атқарылып жатыр дейді. 

Сайрангүл Жұмаділова, облыстық Білім басқармасының басшысы:

- 52 ауылда интернеттің жылдамдығы 4 мегабиттен жоғары болады. Бұл үшін облыстық бюджеттен 13,6 млн теңге қарастырылды.

Маусым айында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі биыл интернет тартылатын 928 ауылдың тізімін жариялаған болатын. Осы 928-дің 150-і - Шығыс Қазақстанға тиесілі. Ғаламтор желісіне нақты қай ауыл қосылғаны, қайсысы қағаз жүзінде қалғанын уақыт көрсетеді.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу