Ресейде құс тұмауының өршуіне байланысты сақтық шаралары күшейтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде құс тұмауының өршуіне байланысты сақтық шаралары күшейтілді

08.09.2020

Ресейдің шекаралас орналасқан Омбы мен Челябі, Түмен өңірлерінде құс тұмауының өршуіне байланысты Солтүстік Қазақстан облысында сақтық шаралары күшейтілді. Қазақстанға құс еті мен құс өнімдері, аралас жемазық әкелуге уақытша тыйым салынды. Қазір Омбыдағы ең ірі «Иртышская» фабрикасында ауруға шалдыққан 500 мың құс жойылған. Жалпы, теріскейде әзірге ауру анықталған жоқ. Соған қарамастан ірі фабрикаларда сақтық шаралары күшейтіліп жатыр. Қазақстанда да, Ресейде де құс тұмауы соңғы рет осыдан 15 жыл бұрын анықталған болатын.  

Берік Әлжанов, Облыстық ветеринария басқармасының басшысы: 

 - Шекаралық автомобиль өткізу бекеттерінде ветеринарлық бақылау пункттары жұмыс істеуде. Талапқа сай емес өнімдер кері қайтарылады. Облыста орналасқан құс фабрикаларын жабық ұстау түріне көшіп, күшейтілген дезинфекциялық режимде жұмыс істеуге кеңес бердік. Жалпы өңірде 6 ірі құс фабрикасы бар. Олардың аумағына санитарлық өңдеусіз бөгде адамдарды кіргізбеу қажет. Сондай-ақ тұрғындарға да құстарын өзен-көлдерге жібермеуін ескерттік. 

Байқоңыр қаласында шектеу шаралары 20-шы қыркүйекке дейін ұзартылды. Жалпы қаладағы жағдай тұрақты. Соңғы уақытта коронавирусқа шалдыққандар азайып, инфекциялық стационарда 3 адам ғана қалды. Соған қарамастан, отбасылық, ұжымдық жиындарға тыйым салынып, қоғамдық тамақтану орындары сағат күндізгі 11-ден кешкі 23-00-ге дейін ғана жұмыс істейді. 


Хабарламаларға жазылу